Алматы. 29 мамыр. 7kun.kz - Алматы мәслихатының депутаттары тағы да 114 көшені жөндеу үшін қосымша 2,5 млрд теңге бөлу туралы шешімді мақұлдады. Көшелердің жалпы ұзындығы 83,7 км. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазіргі уақытта қалада жоспарланған 250 мың шаршы метр жолдың 50 мың шаршы метріне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 97 мың шаршы метр тротуарлар, 130 бекет алаңдары абаттандырылып жатыр. 12 магистральды және ұзындығы 31,27 км болатын аудандық маңызы бар жолдар да жөнделіп жатыр. 1 маусымнан бастап ұзындығы 30,75 км болатын 19 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Одан бөлек, депутаттар 114 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша 2,5 млрд теңге бөлу жөніндегі шешімді қолдады.
Маусым айында көлік қозғалысын жақсарту үшін трамвай рельстері алынып тасталынады. 18 жол бұрылысында орташа жөндеу жұмыстары басталады. Торайғыров және Каблуков көшелерінде ұзындығы 3,7 км болатын велосипед жолы салынып, айналасы абаттандырылады.
Шевченко, Қонаев, Өтепов көшелеріндегі 7,5 км жердегі трамвай рельстері алынады. Бұл учаскелерде бордюрлер түзеліп, арық жағалаулары, бекет нүктелері мен велосипед жолдары реттеледі.
Жақын күндері Алатау ауданындағы Алғабас және Ақбұлақ ықшам аудандарында ұзындығы 10,9 км болатын жолдың, ал Наурызбай ауданындағы Қалқаман және Алты Алаш елді мекендерінде ұзындығы 17,3 км болатын жолдардың құрылыстары басталады.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы жолдары мен тротуарларын жөндеуге 7 млрд теңге бөлінгендігін хабарлағанбыз.