Алматы. 16 шілде. 7kun.kz – 2018 жылы 140 жер учаскесін сатып алу жоспарланып отыр, деп мәлімдеді Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жер қатынастары басқармасының басшысы А.Ахметов.
Оның айтуынша,барлық бағдарлама әкімгерлерінің жұмысын және қаланың маңызды инвестициялық жобаларын жүзеге асыруды қамтамасыз етуде Жер қатынастары басқармасының атқаратын маңызды қызметтерінің бірі - мемлекет мұқтажы үшін жерлерді мәжбүрлі түрде алып қою болып табылады.
2015 жылға дейін мемлекет мұқтажы үшін жерлерді мәжбүрлі түрде алып қою шараларын бағдарлама әкімгерлері дербес жүргізген.
Бұл функцияларды Басқарма тек соңғы 3 жылдың ішінде ғана атқарып келеді.
2015-2016 жылдары мемлекет мұқтажы үшін жалпы сомасы 7,8 млрд. теңгеге 144 жер учаскесі сатып алынған, сондай-ақ 2017 жылы 12 млрд. теңгеге 221 жер учаскесі сатып алынған.
Осылайша, 2017 жылы сатып алынған жер учаскелерінің саны, 2015-2016 жылдары жүргізілген жұмыс көлемінен 1,5 есеге асып түсті.
2017 жылы 30 нысан бойынша жұмыстар басталып, оның ішінде 22 нысан бойынша жұмыстар аяқталған.
Ағымдағы жылы Басқармада 22 нысан бойынша жұмыстар жүргізілуде, оның ішінде 8 нысан өткен келе жатқан нысандар.
2018 жылы 140 жер учаскесін сатып алу жоспарланып отыр, оған республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 6,1 млрд теңге бөлінген (13,2 млрд.теңге – республикалық бюджеттен және 1,5 млрдтеңге – жергілікті бюджеттен).
Осы бағытта тұрақты және жүйелі түрде жұмыс жүргізудің нәтижесінде Басқарма бүгінгі таңда 109 жер учскесін бөлінген қаражаттар есебінен жалпы сомасы 4,1 млрд теңгеге сатып алды.
2,0 млрд теңге сомадағы қалған қаражат ағымдағы жылы толығымен игерілетін болады, - деп атап өтті басқарма басшысы.