Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмысына салғырт қарайтын ұйымдарды лицензиясынан айыру мәселесін көтерді, деп хабарлайды BNews.kz.
«Біз құрып жатқан электронды жүйе жұмыстың барынша ашық жүргізілуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ ол қаржыны жұмсау тиімділігін арттыруы тиіс. Көп жағдайда тендерге қатысатын ұйымдар ақшаны оңды-солды жұмсап, ысырап етіп жатады, себебі басқармалардың қызметі үйлестірілмеген, бір басқарма екінші бір басқарманың не істейтінінен хабарсыз. Ал электронды әкімдік процесті бастан-аяқ бақылауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Б.Байбек.
Оның айтуынша, Алматының барлық дерлік басқармасы жобалық-сметалық құжаттаманың құнын 30%-ға төмендеткен. Алайда қала басшысы құжаттаманың өзінде олқылықтар ұшырасып жататынын айтты.
«Мәселен, Алатауда бой көтерген мектепте балалар дірдектеп тоңып отырады. Жобаның өзі сапасыз әзірленген. Бұл жобаны кім әзірледі? Бұл ұйымның әлі жұмыс істеп жүргеніне сенімдімін. Лицензиясын қайтарып алу керек. Өз ісіне жауапсыз, салғырт қарайтын жобалық ұйымдардың бізге қажеті қанша», -деді Алматы әкімі.
Нәтижесінде 25 ұйымды лицензиясын айыру туралы шешім қабылданды.