Алматы. 2 қараша. 7kun.kz - Алматыда көлік реформасы және қоғамдық көлік жүйесін тұрақтандыру аясында жылжымалы құрамды жаңалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өзге тасымалдаушылар сияқты «Авто Алма Транс» ЖШС Евро-5 экологиялық сыныпты жаңа автобустар алды. Бұл туралы Алматы әкімі баспасөз қызметі хабарлады.
Ең алдымен №65 бағыт жаңа көлікке алмастырылған, өйткені, осы бағыт бойынша тұрығындардан көп шағым түскен.
«Бүгінгі күні біздің автопаркте 10 бағыт бойынша жүретін көлік бірлігі бар. Жыл аяғына дейін біз тағы да 44 жаңа автобус аламыз, 2018 жылдың бірінші тоқсанында жаңа автобустар санын 112-ге дейін жеткіземіз. Жинақталған инвестиция 4 млрд теңгені құрайды», - деді «АвтоАлма Транс» ЖШС бас директорының орынбасары Қ.Нұрлыбеков.
Тасымалдаушы сыйымдылығы 70 адамдай болатын Евро-5 экологиялық сыныптағы Yutong маркалы автобустарды алды. Автопарк өкілінің айтуынша, «ОНАЙ» электронды билеті және сараланған тарифтің арқасында жолаушы легі мен әр бағыт бойынша қанша табыс түсетіндігі белгілі, әрі әкімдіктің субсидиялық қолдауы барысында жаңа автобустар алуға мүмкіндік туды.
Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпараты бойынша өткен аптада №103 бағыты бойынша 12 метрлі төмен еденді 20 автобус жолға шығыпты. Жеті күн ішінде 1,8 млн теңге транзакцияланып, жолаушы легі өткен кезеңдермен салыстырғанда 3 есе өскен, көлік жиілігі 100 пайызға жеткен.
«Алматыэлектротранс» ЖШС сатып алатын 297 көліктің 20 автобусы биыл келді, қалғандары екі ай ішінде кезең бойынша жеткізілетін болады.
Бұлардан өзге, жеке тасымалдаушылар сыйымдылығы әр түрлі 254 автобус алуды жоспарлап отыр. «БаТу Трэвел» ЖШС, «АвтоАлма-Транс» ЖШС, «Мадина» ЖШС, «ТалапТ» ЖШС, «Самат Транс» ЖШС, «Green bus company» ЖШС сынды тасымалдаушы компаниялар алған көліктер кесте бойынша келе бастады.
«Green bus company» ЖШС бұрындары Yutong маркалы 50 жаңа автобус алған болатын, олар қазіргі кезде №№50, 112, 126 бағыттары бойынша сапалы қызмет көрсетіп жатыр. Бір апта ішінде №112 бағыттағы жаңа автобустарда жолаушы легі екі есе өсті.