Алматы. 1 шілде. 7kun.kz – Абылай хан даңғылындағы жол жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты Құрманғазы көшесінен Қабанбай батыр көшесіне дейінгі учаске 1 шілде 23:00-ден 2 шілде 06:00-ге дейін жабылады. Бұл туралы «Алматы жолдары» хабарлайды.
«Кептелістерге жол бермес үшін қала тұрғындары мен қонақтары өз маршруттарын алдын ала ыңғайлап, реттеп алғандары жөн. «ПСФ Алонс» ЖШС мердігерлік ұйымы уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды», - делінген хабарламада.
Бұған дейін хабарланғандай, Алматыда Достық даңғылы мен Жібек жолы көшелерінің учаскелерінде қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуіне байланысты көлік пен жаяу жүргіншілер үшін қозғалыс жартылай жабылады.
Жібек жолы көшесінде 13 маусымнан бастап Желтоқсан көшесінен Наурызбай батырға дейінгі автокөлік қозғалысы жабылды. Жаяу жүргіншілер аймағы көшенің солтүстік жағында ашық.
Бұл ретте қоғамдық кеңістікті жаңғырту жөніндегі барлық жұмыстар кезең-кезеңімен және қала тұрғындары үшін ең аз қолайсыздықтармен жүргізілетін болады. Осы мақсатта арнайы қоршаулар мен жаяу жүргіншілер траптары орнатылды.
Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасы аясында, бұл көшелерде энергия үнемдейтін тротуарлық жарық, көше жиһазы, спорттық және балаларға арналған алаңдар, субұрқақ кешендер және т.б. пайда болады. Сондай-ақ, өсіп тұрған жасыл желекті сақтап, қосымша жаңа ағаш көшеттерін отырғызу, көгалдандыру, автоматты суару жүйесін орнықтыру көзделген.
Ағымдағы жылы қаладағы барлық көпқабатты үйлердің 50%-ын қамти отырып, 600-ден астам аулаға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 140-тан астам көшеге орташа жөндеу жұмыстары басталды. Шаһардың 14 шағын ауданындағы 456 көшеде жаңа жол құрылысы қолға алынды. Қала шетінде бірқатар саябақтар, скверлер мен жаяу жүргіншілер аймақтары абаттандырылады. Қауіпсіз қалалық ортаны құру мақсатында мегаполистің 120-дан астам көшесіне қосымша жаңа LED-шамдар орнатылады.