Алматы. 10 шілде. 7kun.kz - Алматы қаласы Алатау ауданының жаңа әкімі болып Шахмерден Рыспаев тағайындалды. Бұл шешім ҚР Президенті Әкімшілігінің және Алматы қаласы мәслихатының келісімімен қабылданды.
Алматы әкімі Бауыржан Байбек аудан әкімдігінің ұжымына жаңа басшыларын таныстырды.
Шахмерден Рыспаев - жеке секторда да, мемлекеттік басқару ісінде де тәжірибесі бар. Мемлекеттік қызметті 2001 Алматы қаласының Қоршаған ортаны қорғау басқармасының жетекші маманы ретінде бастаған. 2002 - 2005 жылдар аралығында «Медеу» мемлекеттік табиғи паркінің аға консультанты қызметін атқарған. 2010 - 2015 жылдар аралығында Алматы қаласы Алатау ауданы әкімдігінің мемлекеттік-құқық бөлімінің бастығы болған. 2015 жылдан бастап Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Еске салсақ, бұрын аудан әкімі болған Бағдат Манзоров Алматы қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы болып тағайындалған. Айта кетейік, Алатау ауданы 9 жыл ішінде жедел қарқынмен дамыды. Мұнда 4 жаңа емхана, 9 мектеп, 12 мемлекеттік бала бақша, Атлеттер ауылы, «Алматы арена» салынды. «Алғабас-6», «Нұркент», «Ақкент» ықшам аудандарында тұрғын кешендерінің құрылысы жалғасып жатыр. 9 жыл ішінде ауданда өндіріс өнімі 12,3 есе, инвестиция 32 есе өсті. Салық түсімі 3 есе артып, 22,5 млрд. теңгені құрады.