Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алматыда әмбебап туризм орталығы ашылды

Алматыда әмбебап туризм орталығы ашылды

Алматы. 2 қараша. 7kun.kz – Алматыдағы Балуан шолақ атындағы спорт сарайында туристік хаб ашылды.

Қалалық әмбебап туристік хаб Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына өңірдің көрікті жерлері жайлы ақпарат алу, қолжетімді сапарлар, жол көрсеткіштер жөнінде кеңесу, естелік сыйлықтар, кәдесыйлар сатып алу, демалысын ойдағыдай өткізу мүмкіндігін береді. Хаб қаланың қақ төсінде, негізгі көлік жолдарының тоғысында орналасқан, оған мегаполистің кез келген жерінен оп-оңай жетуге болады.

Ашылу салтанатының қарсаңында Алматы қаласының Әкімі Бауыржан Байбек туристік орталыққа келді. Қазақстандағы алғашқы туристік хабтың ашылуы — барша қазақстандықтар және Алматы қаласының қонақтары үшін маңызды мәдени әрі экономикалық оқиға.

«Елбасы туризмді дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Келер жылы алғаш рет 2023 жылға дейінгі туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірленеді. Бағдарламаның негізгі мақсаты туризмнің ЖІӨ-дегі үлесіне 8%-ға дейін жеткізу болмақ. Бүгінде бұл көрсеткіш Алматыда 1,5%-ды құрайды. Алматы қаласы Әкімінің бастамасымен құрылған туристік хаб мемлекеттік бағдарламадағы мақсаттарға қол жеткізуге жағдай жасайды», - дейді Алматы қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Мақсат Сәкенұлы Кикимов.

2018 жылдың екінші тоқсанында Алматыға келген туристер саны 503 000-ға жетті. Бұл былтырғымен салыстырғанда 7% артық. Әсіресе Ресейден келетін туристердің көпшілікті құрайды (102 000 адам), кейінгі орындарда Қытай (32 000 турист) мен Өзбекстан (24 000) тұр. Сондай-ақ Түркия мен Үндістаннан келетіндердің де саны аз емес.

VisitAlmaty туристік ақпараттық орталығының директоры Едіге Марғұланның айтуынша, «Хаб ішкі туризм түрлерін мейлінше сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, туристер ағылып келетін орталықты құрып, өңірдің тартымдылығын арттырады, бүкіл әлемге танымал болатын мәдени кодды қалыптастырады».

Туристік хабтың салтанатты ашылу рәсімінде қолөнершілердің «Қазақ өнері» орталығы ұлттық материалдардан әзірленген кәдесыйларды көрсетті, туристік агенттіктер Алматының көрікті орындарына саяхаттауға арналған экскурсиялар мен эксклюзивті турларды ұсынды.

Алматы өңірінің туристік әлеуеті  өте жоғары, қала бұрыннан уақытын көңілді әрі пайдалы өткізгісі келетіндердің назарын өзіне аударып келеді. Классикалық экскурсиялар мен көптеген ойын-сауық шараларынан тыс, қала өз қонақтарына демалысты ерекше өткізудің алуан түрлі тәсілдерін ұсынуға дайын.

Қазақстандағы алғашқы туристік хабтың қызметімен танысып, кеңестер алу үшін қала тұрғындары мен қонақтарды: Абай даңғылы, 44-үй мекенжайында орналасқан Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайына шақырамыз.

Похожие материалы