Алматы. 17 ақпан. 7kun.kz - Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі Қазақстан аумағында қаржы пирамидасын құрған ресейліктерді қолға түсірді. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
Қылмыстық топ басшылығында Зиатдинов Роберт Альбертович, Зиатдинов Ильдар Альбертович есімді ағайындылар болған. Олар қазіргі кезде сот шешімімен қамауға аланған.
«ФинСтатус» ЖШС құрған олар 2014-2015 жылдары екінші деңгейлі банктерден кредит алған азаматтарға «қарыздарын жауып беру» қызметін ұсынған. Бұл үшін қарыздың 30-80 % көлемінде сыйақы алып отырған. Бір клиенттің қарызын екінші клиенттің есебінен жауып пирамида әдісімен жұмысын жүзеге асырып келген компания қызметін 700-ден астам адам пайдаланған. Олардан түскен табыс 500 млн-ға жуық теңгені құраған. Бұл қаражат топ мүшелерінің жеке шоттарына аударылып, ары қарай қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
Қазіргі кезде тергеу тобы қылмыстық топтан келген жалпы шығын көлемін анықтауда.
Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеу қызметі «ФинСтатус» ЖШС және онымен сыбайлас компаниялар «ФинСтатус Консалт» ЖШС, «ФинСтатус дизайн» ЖШС, «ФинСтатус Инвест» ЖШС, «МФО ФинСтатус займ» ЖШС, «Профит Груп» ЖШС, «Эверест финанс» ЖШС-мен келісім-шарт жасасып, зардап шеккендер болса Алматы қаласы, Жібек жолы 127 мекен-жайындағы департаментке немесе 8-701-100-88-17 телефондарына хабарласуды сұрайды.