Алматы. 1 сәуір. 7kun.kz – Алматыда Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің аумағында Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің көлігі тоналды. Бұл туралы inAlmaty.kz хабарлады.
Спортшы көлігінің бүйір айнасы қолды болғанын дәмханада достарымен бірге түстеніп шыққаннан кейін байқаған. Ұрлық бір жыл бұрын Денис Тенді өлтіріп кеткен ауданда болған.
«Toyota Land Cruiser» көлігін Олимпиададан кейін сыйға тартып еді. Бір айнасы 400 мың теңге көлемінде тұрады. Біз Денис Тенді өлтіріп кеткен жерге жақын маңда отырдық. Адамдар айна ұрлығын қоймапты, осыдан наразылық туындайды. Біздің халық өзгермейді», - деп жазды Дмитрий Баландин.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тен көлік ұрыларының қолынан қаза тапқаны көпшіліктің есінде. Осы жылы Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыскерлерге үкім шығарды. Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов 18 жылға, ал Жанар Толыбаева 4 жылға сотталды.
Алайда бүкіл әлемге белгілі болған осы оқиғадан кейін Алматыда көлік тонаушылардың азаймағаны байқалады. Баландиннің көлігі дәл Денис Тенді өлтіріп кеткен жерде тоналуы көпшіліктің наразылығын тудырды. Әлеуметтік желі бетінде осыған қатысты көптеген пікірді оқуға болады.