Алматы. 5 тамыз. 7kun.kz – Ер адам Алматы-2 станциясында Алматы-Орал бағытындағы жолаушылар пойызының төбесіне шығып, үйіне жетпек болған, деп хабарлайды 7kun.kz.
Көліктегі полиция басқармасының баспасөз қызметі мәліметінше, оқиға 24 шілде сағат 22.45-те болған. «Алматы-1» станциясындағы кезекші бөлімшеге «Алматы-2» станциясынан «Алматы-Орал» пойызының машинисінен вагонның төбесіне шығып, жатып алған ер адамның кесірінен пойыз шұғыл тоқтатылғаны туралы хабарлама түскен.
«Пойыз тоқтағаннан кейін көлік полицейлері құқықбұзушыны акт бойынша вагонның төбесінен түсірді. Тексеру барысында Батыс Қазақстан облысының 47 жастағы тұрғыны анықталды. Жауап алу барысында ер адам билет алуға ақшасы жоғын айтып, пойыздың төбесінде жатып, үйіне жетуді ұйғарған», – деді полиция.
Ер адамға ҚР ӘҚБтК-нің 560-бабы ("Темiржол көлiгi құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу") бойынша 5 АЕК (15 900 теңге) көлемінде айыппұл салынды.