Экономика
Алматыда халықаралық PR-форум өтті
Бүгін Алматыда 12-ші халықаралық PR-форум аяқталды. «Коммуникация саласының жағдайы. Жаңа көзқарас» тақырыбында өткен жиында сала мамандары Қазақстан мен әлемнің коммуникация индустриясындағы трендтерді, мәселелер мен міндеттерді талқыға салды.
Сонымен қатар, мемлекет пен бизнестің имиджі мен беделін басқару, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып халықаралық брендтерді жергіліктендіру және жаһандандыру мәселелері жан-жақты талқыланды.
Бұл тақырыптар аясында Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиев, белгілі сарапшылар Айдос Сарым, Досым Сәтпаев, AlmaU ректоры Асылбек Қожахметов, Халық банкінің төрайымы Үміт Шаяхметова, "Қазкоммерцбанк" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Абай Ескендіров, Қазақстандық қор биржасының басқарма төрайымы Алина Алдамберген, Қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Мағжан Әуезов қатысып, өз ойларын ортаға салды.
«Біздің форум осымен 12-ші рет өтті. Биылғы форумның ерекшелігі сол, біз бүгінгі қоғамдағы ахуалды шынайы түрде көрсетіп бере алатын өзекті тақырыптарды таңдап алдық. Сол тақырыптар бойынша осы саланың жетекші мамандары, қаржылық институттар мен мемлекеттік органдардың басшылары баяндама жасады. Форумның екінші күні PR-практика жүйесіне арналды. Біз оны Digital, маркетинг және маркетингтік коммуникация деп аталатын үш секторға бөлдік», - дейді «PR-шы» Қазақстандық PR-кәсіпқойларының бейресми клубының президенті Аида Досаева.
Форумды «PR-шы» Қазақстандық PR-кәсіпқойларының бейресми клубы, Қазақстанның Қоғаммен байланыс жөніндегі ұлттық қауымдастығы және PG Communications агенттігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.