Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алматыда кәсіпкерлер саны бір жылда 14 пайызға азайды

Алматыда кәсіпкерлер саны бір жылда 14 пайызға азайды

Алматы. 28 наурыз. 7kun.kz – Алматыда шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 2016 жылмен салыстырғанда 14 пайызға азайған. Бұл туралы Алматы қаласы кәсіпкерлерінің жыл сайынғы конференциясында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов айтты.

Төлеміс Шотановтың айтуынша, Алматыда 160 885 жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектісі бар. Соңғы бес жылда субъектілер саны екі есеге дейін өскен. Дегенмен, 2016 жылмен салыстырғанда 14% азайған.

Алматы қаласы ШОБ экономикалық белсенді тұрғындарының үштен екі бөлігін жұмыспен қамтып отыр, ал экономика құрылымындағы ШОБ үлесі 34%-ға жеткен.

Алматыдағы шағын және орта бизнестің сауда саласындағы үлесі – 34%, өзге қызмет көрсетулерде – 16,3%, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 11,3% құрады.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер конференциясында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов Алматы қаласы әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасының бірлескен қызметіне де тоқталып өтті.

Былтырғы конференцияда көтерілген мәселелер бойынша Алматы қаласы әкімдігімен бірлескен келісімдерге қол қойылған. Жалпы 22 келісімнің 20-сы атарлықтай нәтижеге қол жеткізген.

Соңғы зерттеулер нәтижесінде Алматы бизнесін мемлекеттік сатып алулар мен өткізу, инфрақұрылым мен жер ресурстарына, сауда орындары қолжетімділік, мамандар дайындау мен адами капиталдың дамыту, бизнес жүргізу бойынша кеңес алу мен инженерлік-коммуникациялық желіге қосылу және т.б. мәселелер толғандырып келеді.

«Алматыда отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін бірқатар шаралар жасалып жатыр. Мемлекеттік ұйымдар мен ұлттық компаниялар өнімдерінің жергілікті қамту үлесін мониторингілейтін арнайы комиссия құрылды.  590 отандық тауар өндірушілер, 10 мемлекеттік орган мен 295 ведомствоға бағынышты мекемелер қамтылған 11 жиын өткізілді. Нәтижесінде отандық баламасы болса да, 10,2 млрд теңге сомасына импорттық тауар сатып алудың 82 дерегі анықталған. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, Алматыдағы мемлекеттік органдардың сатып алуларында отандық үлес 28%-дан 54%-ға дейін артқан. Ал мемлекеттік сатып алулардағы орындалған келісімшарт саны 2016 жылы 25,7 мың болып, жалпы  22,6 млрд теңге соманы құрады», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Төлеміс Шотанов.

«Бизнестің көптеген бастамалары қолдау тапты және Елбасы Жолдауында айтылды, көбі жүзеге асырылып келеді. Бизнес пен билік арасындағы орнатылған байланыс осы бағытта дамиды деп ойлаймыз», – деп сөзін аяқтады Төлеміс Шотанов.

Похожие материалы