Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алматыда Медеуге дейін жаңа автобустар жүре бастады

Алматыда  Медеуге дейін жаңа автобустар жүре бастады

Алматы. 5 қаңтар. 7kun.kz – Алматыда көлік реформасын және қоғамдық көлік жүйесін тұрақтандыру аясында жылжымалы құрамды жаңалау және бағыттар желісін ұлғайту жұмыстары жүріп жатыр. Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында №12 бағыты бойынша «Қазақстан» қонақ үйінен «Медеу» биік мұз айдынына дейін баратын жаңа автобустарды көрді.

Алматыда биылғы көлік реформасы аясында сыйымдылығы әртүрлі 388 автобус алынды, олардың 195–і бағыттар бойынша қызмет көрсетеді. Тағы 200 жаңа автобус қалаға келді және олар кезеңдер бойынша жолға шығады. Өз кезегінде жеке тасымалдаушылар да 254 жаңа автобус алды,олардың 91–і қала жолдарында жүретін болады.

Жалпы, қаланың автобус паркінің 30 пайызға жаңаруы және бағыт желісінің ұлғаюы жолаушылар легін 20,6 пайызға арттырды. Егер 2016 жылы 174,6 млн адам тасымалданса, 2017 жылы 220,1 млн адам болды. Тасымалдаушы жоспарлы шығуды қамтамасые ете алмаса, интервал мен жылжымалы құрамды жаңарту «Алматыэлектротрансқа» беріледі. Мысалы, №70 бағытта автобустар жаңарды, интервал қысқарды, соның арқасында жолаушылар легі 12 есе өсті. Яғни, тәулігіне 395 адамнан 4,6 мың адамға дейін жетті. Жақында 18 метрлі автобус-гармошкалар №201 бағыты бойынша жүре бастады. Ол күніне 11,6 мың адамды тасымалдайды.

№12 бағыты бойынша жолға шыққан 12-метрлі төмен еденді автобустар Евро-5 экологиялық сыныпқа сай, сыйымдылығы 100 адамнан жоғары, кондиционерлермен, видеобақылау камераларымен, пандустармен толық жабдықталған. Аталған бағытты «Алматыэлектротранс» ЖШС ұйымдастырған. Жай күндері автобустар арасындағы интервал алты минутқа қысқарған, ал демалыс күндері екі минутқа азайған. Босаған автобустарды «Green Bus company» ЖШС №120 бағытты күшейту үшін пайдаланады. Кейін бұл бағыт айналмалы болады.

Еске салсақ, бұрындары Алматыда көлікті реформалау аясында №22, 70, 86, 65, 103, 50, 126, 112 бағыттары бойынша жаңа автобустар жолға шығып, №77 бағыт қайта ашылып, көліктер №201 магистральды бағыты бойынша жүре бастаған еді. Көрші облыстан қалаға қосылған елді мекендерге толық көлік қызметін көрсету масқатында сегіз бағыт ашылған болатын.

 

Похожие материалы