Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алматыда Әміре фильмінің тұсаукесері өтті

Алматыда Әміре фильмінің тұсаукесері өтті

Алматы. 4 сәуір. 7kun.kz - Кеше Алматыда Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ және Әлидар Өтемұратовтың "Dar Play" компаниясы бірлесіп түсірген "Әміре" фильмінің тұсаукесері өтті.

Фильм желісі бойынша 1925 жылы Париждегі Exposition Internationale des Arts Decoratifs et Industriels Modernes (EXPO) аясында дүниежүзілік музыка байқауы өтеді. Әміре Қашаубаев КСРО делегациясына кіріп, еуропалықтардың жүрегін жаулап алады. Қазақтың дәстүрлі ән орындау өнері мен киелі домбырасының әуенін жаһанға алғаш таныстырып, жұртшылық назарына паш етеді. Сөйтіп өнерпаздар арасынан топ жарып, екінші орынды иемденіп, күміс медаль тағады.

Кинотуындыда Әміре Қашаубаевтың Мұстафа Шоқаймен кездесуі,  джаз орындаушысы Джордж Гершвинмен достығы да баяндалады.

Фильмнің түсірілімі Латвия (Рига) мен АҚШ (Лос-Анджелес) және Алматы облысының Үшкоңыр ауылында өткен.
 

Халықаралық түсірілім тобының құрамында: америкалық қоюшы-режиссер Джеф Веспа (Jeff Vespa), оператор - Максим Осадчий («9 рота», «Сталинград») бар. Фильмнің сценарийін жазған Бенжамин А. ван дер Вин (Benjamin A. van der Veen). Басты рөлдерді отандық актерлер Санжар Мәдиев (Әміре) және Еркебұлан Дайыров (Мұстафа Шоқай) сомдаған. Сонымен қатар, британдық актер Бен Алдридж (Ben Aldridge) және «Область тьмы», «Три билборда на границе Эббинга, Миссури» фильмдері арқылы танылған америкалық актриса Эбби Корниш (Abbie Cornish) бар.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Әміре Қашаубаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған еңбектердің авторы Жарқын Шәкәрім фильм түсіру барысында кеңесші болды.

Париждегі Әміре Қашаубаевтың ән айтуын сомдау Сержан Мұсайынға бұйырды. Әнші фильмде кадр сыртындағы вокалды орындайды. Кадр сыртындағы домбыра партиясын орындау – Нұржан Тәжікеновке бұйырды. Сонымен қатар, Нұржан Санжар Мәдиевке домбыра тартуды үйретті.

Санжар Әмірені сомдау үшін домбыра тарту мен ән айтуды екі ай бойы үйренді.

Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы «Балқадиша», «Үш дос», «Дударай», «Бес қарагер» және т.б. әндері орындалады.

Әлидар Өтемұратовтың айтуынша, фильмді түсіру жұмыстарына бір миллиард екі жүз мың теңге жүмсалды.

Фильмнің ұзақтығы - 88 минут.

Фильм ағылшын тілінде түсірілген. Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығына тұспа-тұс келген фильмнің 2018 жылдың 5 сәуірінен бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан қазақ және орыс тілдерінде дубляждалған нұсқалары көрсетіледі.

Похожие материалы