Алматы. 3 қазан. 7kun.kz — Алматыда еуропалық жабдықтармен жабдықталған қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысы басталды. Компанияның өндірістік қуаты қаланың қалдықтарын қайта өңдеу қажеттілігін толығымен жабады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қалдықтарды сұрыптау кешенінің құрылысы «Green Recycle» ЖШС жеке инвестициялары есебінен жүзеге асырылады. Сұрыптау үрдісі барысында қайта пайдалануға жарамды компоненттер таңдалады. Жылына 550 мың тонна қуаты бар зауыт 2018 жылдың жазында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Алматы әкімінің сөзінше, тұтастай алғанда қалдықтарды сұрыптау кешенінің пайда болуы өнеркәсіптің дамуына серпін береді және мегаполистегі экологиялық жағдайды жақсартады.
«Президент қала экологиясы мәселесіне ерекше назар аударады. Алматы қаласының даму бойынша соңғы кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев қоқыс проблемасын жүйелі түрде шешу, оны кешенді өңдеуді және пайдаланудың толық циклін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Қазір біз бірінші кезекте қоқысты іріктеп, одан кейін оны қайта өңдеуге мүмкіндік беретін жүйені құрып жатырмыз», - деді қала әкімі.
Алматы қаласының әкімі жұмыс сапарының аясында Алатау ауданында орналасқан Индустриалды аймақтың жұмысын тексерді. Қазіргі уақытта Индустриалды аймақта жалпы құны 191 млрд теңге болатын 40 жоба тіркелген.
Айгүл Хожантаева