Алматы. 22 сәуір. 7kun.kz – Алматы облысының үш азаматы топ болып, ресейлік «ВАЗ» көліктерін ұрлаумен айналысқан. «Қылмыстық үштіктің» мойнында көлік ұрлаудың анықталған бес дерегі бар, деп хабарлайды 7kun.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, қаскөйлер тек Ресей Федерациясының есебінде тұрған автокөліктерді ұрлаған. Олар ұрланған көліктерді Кеген ауылындағы үйлердің біріне жасырған. Сол жерден олар сатып алушыларға сатып отырыпты. Қалалық криминалдық полиция Басқармасындағы әріптестердің көмегімен көлік ұрлағандар ұсталды.
«Күдіктілер қамауға алынды. Олардың әрқайсысының рөлдері нақты бөлінген. Топ мүшелері 19-20 жаста. Тергеу іс-шаралары барысында күдіктілердің Алатау, Алмалы және Медеу аудандарында бес автокөлік ұрлағаны анықталды. Сатып алушылардан бес көліктің төртеуі тәркіленді, тағы бір "ВАЗ" бөлшектеліп, қосалқы бөлшектерге сатылып кеткен», - деді Медеу аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Еділхан Байғараев.
Қазір полиция қызметкерлері ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тергелуде. Айыпталушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды.