Экономика
Бауыржан Байбек базар аралады
Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаладағы ірі дүкендер мен базарларды, дәріханаларды аралап шығып, теңге құнсыздануынан кейінгі алғашқы қажеттілік тауарларының бағасын тексерді деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қала әкімі аралаған обьектілердің тізімінде қала орталығындағы және "Сары-Арқа" ықшамауданындағы "Көк базар", "Беккер и К" дүкендерінің желісі және дәріханалар бар. Аталған орталықтардың басшылары Бауыржан Байбекке алғашқы қажеттілік тауарларының бағасы сол күйіне қалатындығын мәлімдеді. Қала қоймаларында бірінші қажеттілік тауарлары мен жанармайдың қажетті қоры бар.
"Біз қазіргі заң аясында бағаның негізсіз көтерілмеуі үшін барлық шараларды қолға алатын боламыз", - деді Бауыржан Байбек. Сол күні Алматыда арнайы жиналыс өтіп, қала әкімі барлық қалалық қызметке баға көтерілмеуін қадағалауды тапсырды. Аталған мәселе бойынша жағдай күніне 2 рет әкімге жеткізіліп отырады. Бақылау жүргізу Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновқа міндеттелді.
Еске салайық, қалалық штабтан бөлек әрбір ауданда экономиканы қалпына келтіріп, әлеуметтік шиеленістердің алдын алатын топтар құрылған. Азық-түлік өнімдерінің негізсіз көтерілгені туралы фактілерді хабарлайтын сенім телефоны жұмыс істейді.