Абай даңғылындағы жол қозғалысына өзгерістер енгізіліп, қоғамдық транспортқа арналған арнайы жолақ көшенің тар аумақтарынан алынып тасталды деп хабарлайды Алматы ІІД-нің баспасөз қызметі.
Олардың хабарлауынша, Абай даңғылының бойында Абылай хан мен Желтоқсан көшелерінің аралығында екі бағытта да, сондай-ақ Мұқанов көшесі мен Есентай өзенінің аралығында екі бағытта да арнайы жолақтар алынып тасталынады.
"Аталған аумақтардың тым тар болуына байланысты арнайы жолақ енгізілгеннен кейін кептеліс пен апатқа ұшырау жиілігі артып кетті. Комиссиялық тексеріс нәтижесінде өзгерістер енгізілді. Яғни ол аумақтарда қоғамдық транспорт үшін арнайы жолақтар болмайды",- деп атап өтті Әкімшілік полиция басқармасында.
Қазіргі уақытта Абай даңғылы мен Тілендиев көшесі және Абай даңғылы мен Тұрғыт Озалы көшелерінің қиылысындағы бағдаршам режиміне өзгеріс енгізу мәселесі талқыланып жатыр.