Алматы. 14 желтоқсан. 7kun.kz - Өткен сенбі күні Алматының «Ескі алаңында» өткен жәрмеңкеде Жамбыл облысынан келген сатушылар тұрғындарды алдап, сасыған ет сатқан. Бұл туралы фейсбук қолданушысы Зәуре Зақан өз парақшасында жазды.
«Алматы Қаласының Әкімдігіне құлаққағыс!!!» деген жазбасында ол Алматыда өткен жәрмеңкеде Жамбылдан келген сатушылар күйеуіне сасып кеткен ет сатып жібергенін айтады. Ет басында қатып тұрғандықтан, оның сасып кеткенін сатып алушы білмеген. Тек үйге жеткенде жібіген еттің исінен сезген. Сол күні Жамбыл облысынан ауылшаруашылық өнімдері әкелінсе керек.
"Мұндай жағдайды бұрын да естіген едім" деген ол арнайы әкім барып аралап жүрген, бағасы «керемет» жәрмеңкедегі ет-сүт өнімдері сапасына кепілдік беріле ме, жәрмеңкеге кіргізілер тұста тексеріле ме деген сауал қояды. «Тексерілмесе, сасыған ет өз Алматымызда да жетеді ғой. Сонау Жамбылдан алып кеп, жәрмеңке деген желеумен аңқау да адал адамдарға «пихать» етіп жіберуді қою керек қой! Бізді бүйтіп жарылқамай-ақ қойсаңыздар», - дейді алданған тұрғын.
Сондай-ақ ол «мұндай жағдайда кімге, қайда шағымдануға болады? Ондай жәрмеңкеде чек берілмейді. Оны бәріңіз білесіздер. Әлде сасыған ет жеп, ашыған сүт ішіп отыра береміз бе?», - деп сұраған әлеуметтік желі қолданушыларынан.
Біз өз тарапымыздан осы мәселеге орай қала әкімі Бауыржан Байбектің атына сауалхат жолдадық. Егер жәрмеңкеде алданған тұрғындар болса, бізге хат жолдауын өтінеміз. Біздің электронды поштамыз: info@7kun.kz
Фото: www.bnkomi.ru