Алматы. 21 маусым. 7kun.kz - Алматыда 1-ші тамыздан бастап қолма-қол төлем жасайтындарға жол ақысы 150 теңге болады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ал, «Оңай» картасы бар жолаушылар бұрынғыдай 80 теңгемен қатынайды. Сондай-ақ, метроның да жол жүру құны 80 теңге болып қалады.
Жауапты ұйымдардың айтуынша, бұл - жолаушылардың электронды төлем жүйесіне жаппай көшуіне түрткі. Нәтижесін берсе, жиналған қаржының бір бөлігін қалтасына басатын кондукторлар мен жүргізушілер айла асыра алмайды. Жаңа тариф қаладағы қоғамдық көліктердің барлығына бірдей бекітіледі. Тек, метрода ғана жол жүру құны өзгеріссіз қалады.
«Біздің ойымызша 1 тамыздан бастап дифф тариф енгізіледі. Метроның бағасы 80 теңге болады, ол көтерілмейді. Өйткені, метро автокөлік заңына келмейді. Қоғамдық кеңестен кейін біз әкімнің постановлениесін юстицияға енгіземіз. Одан кейін, юстиция оны тіркеген соң 10 күннен кейін ол күшіне енеді»,- дейді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары, Бекзат Бекішев.
Десе де, жаңа бастама толық күшіне енуі үшін соңғы шешімді қоғамдық кеңес мүшелері қабылдайды. Олардың тең жартысы бір реттік төлем құнының көтерілуін құптаса, ендігілері 150 теңге халықтың қалтасына соққы деп кесіп айтты. Бұл ретте жауаптылар қаладағы жеңілдігі бар жолаушылар бұрынғыдай арнайы карталарымен төлем жасайтынын жеткізді. Демек, 150 теңге тек «Оңай» картасы жоқ туристер мен қала қонақтары үшін бекітілетін болады.
"«Дифф» тариф дегеніміз 150 теңге, ол жай бір кез-келген сан. Ол 200 болуы мүмкін еді жай ынталандыру үшін. Ал, жалпы біздің есебіміз 149 жарымның ішіне кіретіні - оның ішіндегі жанармайы бар, 30 пайызы жалақы, көлік жаңартуы. Үкіметпен бекітілген методикасы бар өзінің, сол бойынша дайындалған есеп. Әкімшіліктің ұсынысы бойынша, түскен 150 теңгеден жүргузішіні ынталандыру үшін 50 теңгесі жүргізушіге беріледі. Сонымен, оның жалақысы көтерілетін болады»,- деді «Алматы қалалық жолаушыларды тасымалдау кәсіпорындарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі, Сәбит Аманбаев.
Айта кетейік, қазіргі уақытта қалада жолаушылардың 70 пайызы қоғамдық көлікте жол ақысын «Оңай» картасымен төлесе, қалғаны қолма-қол есеп айырысады екен.