Алматы. 3 маусым. 7kun.kz – Алматы қаласында 2021 жылы құрылысы аяқталып, 2022 жылы пайдалануға берілетін Қазақстандағы тұңғыш крематорий жылына 7000 адамды өртей алады, деп хабарлайды 7kun.kz orda.kz сайтына сілтеме жасап.
Orda.kz Алматы қалалық әкімдігіне сауал жолдап, крематорий туралы толық мәлімет сұрапты. Құрылыс екі кезеңге бөлінген екен. Бірінші, крематорий ғимаратын салу, екінші, ғимаратқа инженерлік желілерді тарту.
Крематорийдің жұмыс тәртібі мен өндіріс қуаты туралы сауалға әкімдік «күніне 23-24 мәйіт, ал жылына 7000 мәйіт өртейтінін, екі ауысыммен жұмыс істейтінін» айтты.
Ал ғимарат ішінде әкімшілік бөлім, жұмысшылар бөлімі, жуыну және киім ауыстыру бөлмесі бар. Одан бөлек, жаназаға қажетті заттар сататын дүкен мен қоштасу бөлмесі де қарастырылған.