Алматыда көлік және логистика академиясында бір адам қайтыс болды. Ол біліктілік тестін тапсыруға келген мектеп мұғалімдерінің бірі. Қайғылы оқиға туралы куәгерлердің бірі айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.
Алматыдағы көлік және логистика академиясына бір топ ұстаз біліктілік тестін тапсыруға келген. Куәгердің айтуынша, сынақ кезінде мұғалімдердің бірі жағдайы нашарлап құлап қалған. Сосын ол жедел жәрдем жеткенше жан тапсырыпты.
"Сынақ басталғаннан кейін жарты сағат өтісімен бір адам есінен танып құлады. Алғашқы көмек көрсетілмеді. Медицина қызметкерлері жоқ. Біз тест тапсырып отырып қалдық. Үш кабинет тест тапсыруға арнайы жабдықталған. Бір кабинетте 60-70 адам отырдық. Марқұм тест тапсыруға келгендердің бірі еді. Ер мұғалім екен. Біз сол күйі тестімізді аяқтай алмай сыртқа шықтық ", — дейді сынаққа келген куәгердің бірі 7 kun.kz тілшісіне.
Ол өзін Алматы облысының Балқаш ауданынан келгенін, біліктілік сынағы мұғалімдердің категориясын көтеретінін айтты. "Ал қайтыс болған ер адам Қарасай ауданынан келген 49 жастағы ұстаз" деді куәгер.