Алматы. 28 желтоқсан. 7kun.kz – Алматылық такси жүргізушісі америкалық қонақты әуежайдан «Қазақстан» қонақүйіне дейін жеткізгені үшін 40 мың теңге алған.
Такси жүргізушінің бағаны тым асыра сілтеп жібергенін естіген қонақүй қызметкерлері полицияға қоңырау шалған.
"Жүргізушінің кім екенін бірден анықтап, оны полиция бөлімшесіне шақырдық. Шетелдік азаматшаның баға мөлшерін білмейтінін пайдаланып, жолақысын көтеріп жібергенін ол бірден мойындады", - деді Медеу аудандық ІІБ басшысы Болат Тотыбаев.
Такси жүргізушісі 53 жастағы әйелге артық алған ақшасын қайтарып берді. Шетелдік қонақ қазақстандықтардың жасаған көмегіне ризашылығын білдірді.
«Таксистпен пікірлесіп, оған мұндай жағдайлардың ел имиджіне кері әсерін тигізетіні жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргіздік», - деді Б. Тотыбаев.