Алматы. 7 шілде. 7kun.kz – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті қаладағы ірі автодилерлердің әрекетінен монополияға қарсы заңнаманың бұзылу белгілерін анықтады, деп хабарлайды 7kun.kz.
«Алматы автодилерлерінің іс-әрекеттерінде үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері анықталды», – делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарламаcында.
Ведомствода жаңа жеңіл автокөліктерді сату нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жүргізілген талдау нәтижелері бойынша, сондай-ақ қалалық прокуратура материалдары негізінде «Астана моторс» мотор компаниясы ЖШС (Hyundai Premium Almaty, Hyundai Auto Almaty, Hyundai Premium Batys, Сүйінбай Toyota орталығы), «Orbis Auto» ЖШС (Nissan орталығы, Toyota City, Volkswagen орталығы) және «Toyota Tsusho Kazakhstan Auto» ЖШС (Жетісу Toyota орталығы, Алматы Lexus орталығы) әрекеттерінде ҚР бәсекелестік заңнамасын бұзу белгілерін анықтады. Олар жеңіл автокөліктерді сату кезінде тұтынушыларға қосымша тауарлар мен қызметтерді енгізгені анықталған.
27 маусымда аталған автодилерлерге осындай заң бұзушылықтарды тоқтату және оларды алдағы уақытта болдырмау қажеттігі туралы ескертулер жасалған.
«Кәсіпкерлік кодекстің нормаларына сәйкес, нарық субъектісі хабарламада көрсетілген әрекеттерді белгіленген мерзімде тоқтатпаса, монополияға қарсы орган тексеру жүргізу туралы шешім қабылдайды. Хабарламаны орындау мерзімі және оның ресімделуі туралы ақпаратты ұсыну нарыққа түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күнді құрайды», - делінген хабарламада.