Алматылық медицина ұйымдары 224 млн теңгенің қызметін кемшіліктермен көрсеткен
Алматы. 28 тамыз. 7kun.kz – Медициналық сақтандыру қоры 2019 жылдың алты айында республика тұрғындарына көрсетілген тегін медициналық көмек сапасын бақылау жұмыстарының нәтижесін қорытты. Мониторинг нәтижесінде Алматы қаласы бойынша 224 млн теңгеге жуық қызметтің түрлі кемшіліктермен көрсетілгені анықталды. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалы хабарлады.
Хабарламаға сүйенсек, кемшіліктің басым бөлігі стационарлық және стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі. Мониторинг нәтижесінде олардан 211,4 млн теңгеден астам қаржы қайтарып алынған. Консультативтік-диагностикалық көмек ұйымдары 1,3 млн теңгенің қызметін кемшілікпен көрсеткені белгілі болды. Қалған 11,2 млн теңгеден астам айыппұл жедел жәрдем, қан қызметі мен патологоанатомиялық қызмет субъектілеріне салынды.
Жалпы, 2019 жылдың бастапқы алты айында республика бойынша 2,8 млрд теңгенің қызметі түрлі кемшіліктермен көрсетілген.
«Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің дені емдеу-диагностика шараларын жүргізу барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру сынды олқылықтарға келіп саяды. Сонымен қатар, көрсетілді деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да бар», – деді МСҚ Алматы филиалының Медициналық қызмет сапасын бақылау бөлімі басшысы Әсем Манапбаева.
Айтуынша, қазіргі таңда мониторинг меншік құқығына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алған барлық медицина ұйымдарында жүргізіледі. Жыл басынан бері сараптаманың үш деңгейлі үлгісі қолданысқа енгізілді. Нақтырақ айтқанда, адам өлімі болған жағдайда сараптама емханалық-амбулаторлық көмек, жедел жәрдем және стационар деңгейінде (сырқаттың ем-дом алу үшін жүріп өткен маршруты бойынша) жасалып, жіберілген кемшіліктердің өзара байланысы анықталады.
Естеріңізге сала кетсек, оңтүстік астанада 178 медицина ұйымы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде халыққа тегін көмек көрсетіп жатыр. Олармен бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 114,6 млрд теңгеден асады.