Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Алматылықтар қала бюджетін бөлуге қатыса алады

Алматылықтар қала бюджетін бөлуге қатыса алады

Алматы. 8 сәуір. 7kun.kz – Алматы әкімі Бауыржан Байбек Қоғамдық кеңестің отырысында келер жылдан бастап «Бюджетке қатысу» пилотты жобасын қолға алуды ұсынды. Мұнда қаланың әр ауданына нақтылы сома аударылады, ал оны тұрғындардың өздері ең маңызды бағыттарға бөлетін болады.

Қазіргі кезде Алматы әкімдігі озық тәжірибелер негізінде тиімді әрі үнемді жұмсау қағидасы бойынша бюджет шығындарын оңтайландыруда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша негізсіз шығындар 5,5 млрд теңгеге қысқарып, «Бақытты отбасы» өңірлік бағдарламасын қаржыландыруға аударылды.

«Нұр Отан» партиясының фракциясымен бірге бюджет шығындарына қосымша сараптама жүргізілді, сондықтан Қоғамдық кеңестің қарауына тағы 7 миллиард теңгеден астам қаржыны қысқарту ұсынылады. Бұрын қолдауға ие болған Меңдіқұлов, Шухов көшелеріндегі және «Буденный», Мемлекеттік музей жанындағы «Журналистер» скверлерін, Жас қанат ықшам ауданындағы Маяк паркін, 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақты абаттандыру жөніндегі жобаларды кейінге қалдыру ұсынылады. Бұл жобаларды тұрғындар талқылауы тиіс деп есептеймін. Жалпы, бюджет қала тұрғындарының пікірі негізінде құрылады. Біз шағымдар мен ұсыныстарды үнемі зерттеудеміз», - деді Бауыржан Байбек.

Айта кетейік, тұрғындардың өтініштері негізінде бюджеттің басым бөлігі маңызды мәселелерге бағытталған: қалаға қосылған елді мекендерді абаттандыру, қоғамдық көлікті дамыту, жолдар мен желілер, мектеп пен бала бақшалар, емханалар салу. Нәтижесінде шағымдар саны 3 есе қысқарды.

Сондай-ақ, азаматтардың өтініштеріне жедел жауап қайтару үшін Бірыңғай байланыс орталығы құрылуда, мұнда қаланың барлық басқармалары, аудан әкімдіктері, апатты және коммуналдық қызметтер бір нөмірге біріктірілген.

«Келер жылдан бастап «Бюджетке қатысу» пилотты жобасын бастауды ұсынамын, мұнда әр ауданға нақтылы сома аударылады, ал оны тұрғындардың өздері маңызды бағыттар бойынша бөлетін болады. Қала тұрғындары «Open Almaty» жүйесі арқылы өз ұсыныстарын, жобаларын ұсынады, олар жарияланып, көпшілік дауысқа салынып, үздіктері анықталады. Ұсынылған жобаларға Қоғамдық кеңес мүшелері, сарапшылар, бюджеттік комиссия бағаларын береді. Алматыда әр ауданға орта есеппен жарты миллиард теңге бөлуге болады деп есептеймін. Яғни, сегіз ауданға 4 млрд. теңге немесе қала бюджетінің 1%-ы бөлінеді», - деді Бауыржан Байбек.

Мегаполис әкімі БҰҰ-ның ұсыныстарына сәйкес дамыған елдердің бюджеті осылайша 0,5% дан 1%-ға дейінгі көлемде жасақталатынын атап өтті. Мұндай бастама Лондонда, Римде, Берлинде, Парижде, Мәскеуде енгізілген.

«Бізге қоғамдық пікірді есту ғана емес, бюджеттік шешімдердің орындалуына жауапкершілікті күшейту әрі азаматтық бастамаларды қаржыландыру маңызды. Іске бұл тұрғыдан келу өзгенің есебінен күн көру қағидасын жойып, өз қаласына деген оң көзқарасты нығайтады. Бұлардан өзге, қала басқармалары кері байланыс арналары арқылы ірі жобаларды тұрғындармен, бизнеспен, сарапшылармен бірге талқылағандары жөн. Қоғамдық кеңес мүшелері бұл бастамада барынша белсенділік танытулары тиіс деп есептеймін», - деп қорытындылады сөзін Бауыржан Байбек.

Еске сала кетейік, отырыс барысында «Көкжайлау жобасын жүзеге асыруды кейінгі қалдыру және босаған қаржыны қалалық бағдармаларды орындауға жұмсау туралы шешім қабылданды.

Похожие материалы