Алматы. 19 желтоқсан. 7kun.kz – Әлеуметтік желіде алаяқтық жасаған Қарағанды облысының азаматы ұсталды. Ер адам кемінде 12 алматылықты алдады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды 7kun.kz.
Ол ТікТок мобильді қосымшасы арқылы жүргізуші куәлігін рәсімдеймін деген сылтаумен азаматтардың ақшасын иемденген. Оның үстіне «қызметінің ақысын» қолма-қол ақша түрінде де, электрон аудару арқылы да алған.
«Жедел іс-шаралар жүргізілді: күдікті ұсталды. Тергеудің осы кезеңінде оның осыған ұқсас 12 эпизодқа қатысы бар екендігі анықталды. Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді», – деді Алатау аудандық ПБ бастығы Талғат Беркінбаев.
Полицейлердің айтуынша, алданғандардың көп болуы мүмкін. Ұсталған адамның әрекетінен зардап шеккен азаматтарды полиция қызметкерлері мына телефондарға хабарласуды сұрайды: 8-775-663-94-36; 8-705-630-30-00.