Алматы. 28 қараша. 7kun.kz — "Алматыметроқұрылыс" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Реимов тұтқындалды. Бұл туралы оның адвокаты Әлімжан Оралбай хабарлады.
Сондай-ақ, адвокаттың мәлімдеуінше компанияның 100% акциясы бұғатталды.
"Қайрат Реимов 27 қараша 2019 жылы ұсталды. "Алматыметроқұрылыс" акцияларының 100%-на тыйым салынды. Қазір Дінмұхамед Ыдырысовтың ("ДК-Инвестмент" иесі) өтініші бойынша бір қылмыстық іс жүріп жатыр. Шығын сомасы 3,2 млрд теңге. Қазір сот бұлтартпау шарасы бойынша шешім қабылдайды, ол бас бостандығынан айырумен байланысты болмайды деп үміттенеміз", - деп атап өтті Оралбай.
Еске сала кетейік, 28 қазанда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Қайрат Реимов өзіне қатысты екі қылмыстық іс жүргізілгенін хабарлаған. Біріншісі - Bank RBK басшысының MAG корпорациясына берген өтініші бойынша. Корпорация басшысы - Қайрат Реимов.
Ал екінші қылмыстық іс - "ДК-Инвестмент" өтініші бойынша. Бұл - Реимов иелік ететін "Инженерлік қолдау" құрылыс компаниясына қатысты арыз. Сондай-ақ, «Алматыметроқұрылыстың» "ДК-Инвестмент" компаниясына 1,5 миллиард теңге көлемінде қарызы бар.
Өз кезегінде Реимов екі қылмыстық істі де ойластырылған деп атады.
"Бастапқыда акциялардың 39%-ын беру туралы шарт жасалды, біз оларды беруге дайынбыз. Механизм мынадай: биржа бойынша екі бұйрық өтуі тиіс - бағалы қағаздарды есептен шығару туралы және оларды екінші тараптың есептеуі туралы. Бірақ Ыдырысовтан бағалы қағаздарды есепке алу туралы бұйрық түскен жоқ. 1,5 млрд теңге қарызына келетін болсақ, "Алматыметроқұрылыс" оны өтеуге дайын, бірақ несие беруші тарапынан дайындық жоқ, ол бізбен келіссөз үстелінде отырмайды, мен Ыдырысовпен 2019 жылдың наурыз айынан бері кездескен емеспін. Егер Ыдырысов оған акциялардың 80%-ын беруге тиіс екенінімді білдіретін құжатты ұсынса, мен оларды дереу беремін",- деді Реимов.
Бұл ретте, жағдайға байланысты екі метро станциясының құрылысы мәселесі туындады. Дегенмен, компанияда жаңа станцияларды салу жалғасады деп сендірді.