Алматы. 30 сәуір. 7kun.kz - Алматының 2016 жылға нақтыланған жергілікті бюджеті 380,5 млрд теңгені құрады. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Қалалық Мәслихаттың кезектен тыс шақырылымындағы IV cессиясында қаланың Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Мақсат Қиқымов бюджет жобасын әлеуметтік негізделген және теңестірілген деп атады.
«Қабылданған бюджет «Алматы-2020» даму Бағдарламасына сай әрі алматылықтардың әлеуметтік жағдайларына және қалада лайықты өмір сүру деңгейіне бағытталған», - деп атап өтті М. Қиқымов.
Жергілікті бюджет кірісінің артуы арқасында қосымша қаржы коммуналдық құрылымды модернизациялау, транспорт жүйесін жақсарту, жол сапасын арттыру, жаңадан пайда болған ықшам аудандардың инфрақұрылымын қалыпқа келтіру, жасылдандыру мен абаттандыру сияқты қалалықтардың өткір проблемаларын шешуге жұмсалады.
Жолдарды орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы жолдарды, тротуарлар мен қаланың көше – жол жүйесін қалыпты жағдайда ұстауға жұмсалады.
Қоғамдық көліктің сапасын жақсартуға 88,6 млн теңге бөлінеді. Бұл қаржы жолаушы тасымалы саласының жұмысын жақсартып, бірыңғай диспетчерлік қызметті қамтамасыз етеді.
Қаланың Жетісу және Наурызбай аудандарында жаңа скверлер жасауға 252 млн теңге бөлінді. Ал 1,1 млрд теңге қоқыс жинайтын 550 алаңды жөндеуге және қосымша 400 алаңды іске қосуға, 3,5 мың евроконтейнерлер сатып алуға жұмсалады.