Alstom компаниясы Әзірбайжанға экспортталатын тұңғыш жүк локомотивін таныстырды
Алматы. 27 маусым. 7un.kz - Бүгін Alstom компаниясы «Әзірбайжан темір жолы» компаниясына (ADY) арнап өндірілген тұңғыш Prima T8 AZ8A электровозын таныстырды.
Іс-шара Қазақстан Республикасындағы «Астана» Арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Электровоз құрастыру зауытында» (ЭҚЗ) өткізілді. Акцияларының 50%-ы Alstom компаниясына тиесілі бұл бірлескен кәсіпорын қазірдің өзінде Қазақстанның темір жолдарында пайдаланылатын локомотивтердің 40 данасын өндіріп үлгерген.
Тұңғыш AZ8A локомотиві ЭҚЗ зауытының 2014 жылы «Әзірбайжан темір жолы» компаниясымен бірге 50 локомотивті, соның ішінде Prima M4 AZ4A үлгісіне жататын 10 жолаушылар локомотивін жеткізу жөнінде қол қойған келісімшартының бір бөлігіне айналып отыр.
“Біз Alstom және «Әзірбайжан темір жолы» компаниялары арасындағы тығыз ынтымақтастықтың нәтижесін - Әзірбайжанға арнап біздің Қазақстандағы зауытымызда өндірілген алғашқы жүк локомотивін таныстырып отырғанымызды мақтан тұтамыз. Осы локомотив Ресей мен Иран арасындағы, Қара теңіз және Каспий теңізі арасындағы байланысты дамытатын қатынас құралына айналатындығына біз аса қуаныштымыз. Шамамен 3 мың шақырым ұзақтыққа созылып жатқан Әзірбайжанның теміржол жүйесі аймақтағы байланысты жалғап отырған маңызды көпір ретінде басты рөл ойнамақ”, - деп атап өтті Alstom компаниясының Батыс және Орта Азия кластерін басқарушы директоры Бернард Пелль.
AZ8A – қазір Қазақстанда пайдаланылып отырған KZ8A локомотивінің негізінде құрастырылған Prima Т8 сериясына жататын ауыр салмақты жүк локомотиві. «Әзірбайжан темір жолы» компаниясының қойған арнайы техникалық талаптарына сәйкес жасап шығарылған бұл локомотив МЕМСТ және ТШ стандарттарының талаптарына сәйкес келеді.
8 білікті Prima T8 локомотиві әлемдегі ең мықты электровоздардың біріне жатады. Екі секциядан тұратын бұл локомотив үлгісі оған орнатылған 8,8 мегаваттық қозғалтқыш қуатымен 9000 тоннаға дейін жететін жүкті тасымалдап, жылдамдығын 120 км/сағ дейін жеткізе алады. AZ8A локомотиві -25°C-ден +50°C-ге дейінгі температурада пайдалану үшін жасап шығарылған. Модульдік конструкциясы арқасында ол техникалық қызмет көрсетуді аз дәрежеде қажет етеді және де беріктік деңгейі өте жоғары әрі өміршеңдік циклінің құны төмен электровоз болып табылады.
ЭҚЗ – Alstom және Трансмашхолдинг (ТМХ) компанияларының бірлескен кәсіпорны. Кәсіпорында 420 қызметкер еңбек етеді. Қазақстанның ұлттық теміржол компаниясы – ҚТЖ-ның тапсырысы бойынша дайындап шығарылған Prima электровоздарын 2020 жылға дейін өндіріп жеткізу және оған қызмет көрсету жөнінде жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі күні Қазақстанның теміржол жүйесіне KZ8A жүк локомотивтерінің 48 данасы және KZ4AT жолаушылар локомотивтерінің 20 данасы пайдалануға берілген.
Alstom компаниясының Қазақстандағы кәсіпорындарында 600-ден аса адам қызмет етеді. Компания Қазақстанда екі бірлескен кәсіпорынды және екі зауытты ашқан, оның бірі - локомотивтерді өндіретін және оларға қызмет көрсететін Астанадағы ЭҚЗ зауыты, екіншісі - жебелі жетектерді өндіретін Алматыдағы «Қазэлектрожетек» зауыты. Alstom электровоздарды өндіретін және жебелі жетектерді өндіретін Орта Азия және Кавказ аймағындағы жалғыз өндіруші және де осы аймақтағы теміржол өнеркәсібін жаңғыртып, оның экономикасын дамытуға ат салысып отырған ең ірі қатысушы болып табылады.
Alstom компаниясы туралы
Тұрақты дамуды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып, Alstom компаниясы теміржол көлігіне арналған кең ауқымды жүйелер, құрал-жабдықтар мен қызметтерді дайындап, нарыққа шығарумен айналысады. Alstom компаниясы жолаушыларды тасымалдауға арналған шешімдер, жеке қызметтер (қызмет көрсету және жаңғырту), дабыл жүйесі, инфрақұрылым, мобильділіктің цифрлік технологиялары сынды сан алуан кең ауқымды шешімдерді (жылдамдығы жоғары пойыздардың жылжымалы составтарынан бастап, метро, электроавтобустар мен трамвайларға дейін) ұсынады. Alstom бірыңғай көлік жүйелері саласындағы әлемдік көшбасшы болып табылады. 2017-2018 қаржылық жылда Alstom компаниясының сату көлемі 8,0 млрд еуроны, тапсырыстардың көлемі 7,2 млрд еуроны құрады. Бас офисі Францияда орналасқан Alstom компаниясының әлемнің 60-тан аса елінде өкілдіктері бар және де компания құрамында 34 500 қызметкер жұмыс жасайды.