Экономика
"Алтын тұлпар" бәйгенің бас жүлдесіне 10 миллион теңге тігіліп отыр
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай "Алтын тұлпар" республикалық аламан бәйгесі ұйымдастырылып жатыр. Өтетін уақыт - 6 қыркүйек. Бұл жөнінде ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Бекболат Тілеухан баспасөз мәслихаты барысында хабарлады.
Бәйге Ақмола облысының Қабанбай ауылында өтеді. Қазақстанның әр облыстары, Алматы және Астана қалаларынан 10 тұлпардан шығады деп жоспарланып отыр. Осылайша, жарысқа 160 жүйрік қатыстырылады.
Қатысуға өтініштер 1 тамыздан бастап 1 қыркүйекке дейін қабылданады.
Бұл жарыс бұрынғылардан өзгерек. Осыған дейін 43 шақырымдық бір айналым жасау керек болса, осында 51 шақырымдық 4 айналым жасау керек болады.
"Алтын тұлпар" бәйгесінің бас жүлдесі - 10 000 000 теңге. Мәреге бірінші болып келген 9 қатысушыға ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табысталатын болады. Жалпы жүлде қоры - 23 млн теңгені құрайды.
Одан бөлек, бәйге барысында ұлттық бұйымдар мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылады.