
Алматы. 31 шілде. 7kun.kz – Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ жарыққа шығарған «Алтынемел» деректі фильмі ҚХР-ның Тайчжоу қаласында өткен Кино және туризм саласындағы азиялық өнер апталығында «Шетелдің үздік деректі фильмі» жүлдесімен марапатталды.
Алтынемел мемлекеттік ұлттық саябағының бай табиғаты туралы баяндайтын деректі фильмнің авторы танымал фотограф-натуралист Олег Белялов.
Айта кетсек, «Алтынемел» деректі фильмі режиссердің алғашқы жұмысы. Сондай-ақ Олег Белялов бұл картинаның сценарий авторы және қоюшы операторы.
Кино және туризм саласындағы азиялық өнер апталығының ұйымдастырушылары: Қытайдың телевизиялық суретшілер қауымдастығы, Чжэцзян баспа, радио, кино және телевизия әкімшілігі және Тайчжоу үкіметі. Мәдени іс-шара Азия елдерінде туризмнің және кинематография саласының дамуына бағытталған. Биыл аталған шараға Франция, Ресей, Қазақстан және Жапония сынды 23 мемлекеттерден мыңнан астам кино және телебағдарламалар қатысқан.