КЕМБРИДЖ – АҚШ-тың өкілдер палатасындағы Республикалық партия мүшелері бір жылдан астам уақыт жеке және корпоративтік салыққа реформа енгізу жобасын әзірлеп жатыр. 2018 жылғы сайлау да таяп қалғандықтан, өкілдер палатасындағы республикалық партия мүшелері реформалар пакетін мақұлдап, сенатқа жіберуге дайын отыр.
Бұл реформа 1986 жылы өткізілген соңғы ірі реформадан әлдеқайда өзгеше болмақ. 1986 жылғы «Салық реформасы» Акті жеке табыс салығына көп көңіл бөлді, ең жоғарғы мөлшерді 50 пайыздан 28 пайызға төмендетіп, әсіресе табысы төмен салық төлеушілерге түсетін салмақты жеңілдетті. Азайған кірістің орны салық шегерімдерін және басқа да бухгалтерлік ережелерді өзгерту есебінен толтырылды. Салықтың төмендігі экономикалық өсімге түрткі болып, халықтың табысы ұлғайды, сөйтіп, бұл реформа табыс деңгейі әртүрлі адамдардың барлығына бірдей әсер етті.
1986 жылдан бергі 30 жыл ішінде табысы жоғары адамдардың салығы 28 пайыздан 39,6 пайызға дейін едәуір өсті, бұған инвестициялық табысқа салынатын 3,8 пайыз салықты тағы қосыңыз. Конгрестің бюджет кеңсесі 1979-2013 жылдар аралығындағы салықтарды жан-жақты зерттей келе табысы әртүрлі топтардың әрбір квинтилінде тиімді салық мөлшерлемесінің төмендегенін, табысы ең жоғары 1 пайыз халықтың салығы 35 жылдық орташа көрсеткіштен 1 пайызға өскенін анықтады.
Өкілдер палатасының республикашылдары ең жоғары салық мөлшерін қайтадан 30 пайызға түсіріп, қазір төменірек салық төлеп жатқандардікімен салыстырғанда олардың төлемдерін біршама азайтпақ. Жаңа салық заңы Канада үлгісін көшіріп, жылжымайтын мүлік салығын алып тастап, оның орнына азамат қайтыс болғанға дейін жинаған капитал табысына салық енгізуі мүмкін. Азайған кірістің орнын толтыру үшін штат пен жергілікті салық шегерімдерін алып тастап, бүгінде салық салатын табыстың санатында жоқ кей кіріс түрлеріне жаңа салық енгізуі мүмкін.
Өкілдер палатасындағы республикалық партия өкілдерінің жоспары мен 1986 жылғы салық реформасының арасындағы басты айырмашылық – бұл жолғы ұсыныста корпоративтік табыс пен бизнестен түсетін басқа да табыстарға салынатын салық түрлері қарастырылмақ. Қазір корпоративтік табыс салығы 35 пайызға тең, бұл – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Жаңа заң бойынша бұл салықтың көлемі 25 пайызға не одан да төмен көрсеткішке азайтылмақ, бұл тұрғын үй мен ауыл шаруашылығына келетін капиталды азайтып, оны ішкі корпоративтік инвестицияға қарай бұра түспек.
Сонымен бірге, жаңа заң АҚШ корпорацияларының шетелдегі еншілес кәсіпорындарына қатысты салық режимін өзгерту арқылы ішкі корпоративтік инвестицияны да арттыра түсуі мүмкін. Қазіргі заң бойынша, еншілес кәсіпорындар тапқан табысынан түскен салықты өздері орналасқан мемлекеттің үкіметіне төлейді. Содан кейін олар салық салынғаннан қалған табыстарын АҚШ-тан басқа кез келген елге сала алады. Ал егер олар бұл ақшаны инвестиция не акционерлеріне дивиденд ретінде АҚШ-қа әкелетін болса, онда олар шетел үкіметіне төлеген салығын есепке ала отырып АҚШ-тың корпоративтік салығын төлеуге тиіс.
Осы талаптың кесірінен америкалық компаниялар салық салынғаннан кейінгі табыстарын шетелде қалдыруды қолай көріп келген. АҚШ Қазынашылығының есептеуі бойынша америкалық компаниялардың еншілес кәсіпорындарының оффшордағы инвестициясының көлемі 2,5 триллион долларға жуық.
Шетелдегі еншілес кәсіпорындарға салық салу үрдісі АҚШ үшін таңсық болып отыр. Өнеркәсібі дамыған басқа елдердің барлығы территориялық әдісті қолданады, яғни шетелдегі еншілес кәсіпорындар сыртта тапқан табысын салық төлеместен не оны өте аз көлемде төлеу арқылы елге әкеле алады. Америкада да осындай жүйе орнатуды көздейтін республикалық партияның бұл ұсынысы шетелде жиналып қалған қаражаттың біраз бөлігінің елге оралуына, болашақта сыртта тапқан табыстың елге көбірек қайтуына сеп болмақ.
Мұның барлығының бюджет дефицитіне қандай әсері болады? Конгрестің бюджет кеңсесінің болжамы бойынша, салық ережелеріне өзгеріс енгізілмеген күннің өзінде он жылдың ішінде дефицит көлемі ЖІӨ-нің 3,4 пайызынан 4 пайызына дейін ұлғаюы мүмкін. Жеке табыс пен корпоративтік табысқа салынатын салық көлемін азайту салық кірісін төмендетіп, бюджет дефицитін одан сайын арттырмақ. Дегенмен, жеке табыс салығына жасалатын шегерімдер мен жеңілдіктер мұның орнын толтырмақ, оның үстіне салық азайған соң жеке табыс көлемі де арта түседі, себебі адамдар көбірек табыс таба бастайды, сөйтіп салық салынатын табыс ұлғаяды. Сол сияқты, территориялық салық жүйесі де әсіресе қысқа мерзім ішінде салық салынатын табыс көлемін арттырады, себебі компаниялар шетелдік қорларда тұрған қаражаттарын қайтара бастайды.
Қысқа мерзім тұрғысынан бұл өзгерістер бюджет дефицитін арттырғанымен, салықтардың төмендігі экономиканың дамуына және нақты табыстардың ұлғаюына септігін тигізеді, ал бұл салық салатын табыстың көлемін арттырып, ұзақ мерзімдік тұрғыдан алғанда дефицитті төмендетеді.
Жоспарланған бюджеттің болашақтағы қайтарымы көп болады деуге маңызды заңдық негіз бар. Сенатта республикалықтар аз ғана басымдыққа ие, демократтардың республикалықтар ұсынған салық өзгерістеріне тосқауыл қою мүмкіндігін ескерер болсақ, обструкция ережесі бойынша, бұл заңды қабылдау үшін сенаторлардың бестен үші дауыс беруі керек. Егер он жылдан соң бюджетке қайтарымы көп болады десе, онда салықтар мен шығындарға қатысты заңдары қарапайым көпшіліктің қолдауымен-ақ өткізуге рұқсат берілген. Салық пен шығындар бюджетін осыған сәйкес жоспарлап, болашақта кірісті көбейтуді жолға қойса, онда республикалықтар ұзақ мерзімді профицитке қол жеткізе алады.
Қорыта келе, капиталды ұлғайтып, дамуға жол салатын салық реформасы жүзеге асады, оның нәтижесінде бюджет дефицитінің ұлғаюы тек уақытша құбылыс болады деп үміттенемін.
Автор туралы: Мартин Фельдштейн - Гарвард университетінің экономика профессоры, Экономикалық зерттеу жөніндегі ұлттық бюроның бұрынғы президенті, 1982-1984 жылдары президент Рональд Рейганның Экономикалық кеңесшілер алқасын басқарған.
Copyright: Project Syndicate, 2017. www.project-syndicate.org