Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Америкалықтар кредит ала ма?

Америкалықтар кредит ала ма?

Әлемде кредитке күні қарап қалған тек қазақтар ғана емес екен. Әйгілі әйдік Американың өзінде кредит басты мәселенің бірі.  Тек АҚШ халқы ақылды ма әлде табысы көптеу ме, біздегідей қарыз алып той жасамайды. Сэм ағайдың үрім-бұтағын кредитке ұрындыратын автокөлік пен білімге махаббат екен.

Бұл екеуі бойынша рәсімделген кредит көлемі басқаларға қарағанда айтарлықтай жоғары әрі өсе түскен. Айталық, 2016 жылы автокредит нарығы 93 млрд-тан  $1,16 трлн-ға дейін ұлғайған. 2016 жылдың 4 тоқсанында ғана елде $142 млрд автокредит берілген. Бұл соңғы 18 жылдағы рекорд. Автокредит алғандардың әрбірі орташа есеппен алғанда банктерге $18 400 қарыз.

Есесіне қайтарылмайтын кредит те осы екеуі бойынша көбірек. 1 млннан астам америкалық екі  айдан астам уақыт бойы автонесие бойынша қарызын қайтара алмағандар қатарында. 2016 жылы қайтару мерзімі өтіп кеткен автокредит көлемі  13 пунктке немесе 1,44%-ға өскен. Алайда банктер бұған бей-жай қарайды. Өйткені кепілдегі автокөлікті сату оңай. АҚШ-та автокөлік міну қажеттілік - сондықтан автокредитке де, автокөлікке де сұраныс жоғары.

Банктердің бас ауруы болып тұрған - білім кредиті. Білімқұмар америкалықтар тіпті 2008 жылғы қаржы дағдарысының кезінде  білім кредитін алуды тоқтатпаған. Соңғы 10 жылда білім несиесінің көлемі $500 млрд-тан $1,3 трлн-ға дейін өсіпті.

Қазір елде білім кредитін алғандардың саны - 43 млн адам.  Есесіне проблемалық кредит те көп. Қарыз алғандардың төрттен бірі, әрбір алтыншы адам немесе 7 млн адам (білім кредитін алғандардың 16%)  кредитін қайтаруды тоқтатқан немесе қайтару мерзімі үш айдан асып кеткен. Олардың жалпы қарызы 125 млрд долларды құрайды. Орташа қарыз көлемі  8900 доллар.

Сайлауалды кампаниясында Дональд Трамп кредит алған студенттердің көптігін сынап, американы алға жылжытуға кедергі келтіретін «ауыр жүк» деп бағалаған еді. Рас сияқты. Кредиті қайтара алмау себебі әртүрлі. Кейбірі  АҚШ-тағы білім кредиті әділетсіз деп, әдейі қайтармай отырса, кейбірі жұмыссыздық салдарынан қайтаруға қауқарсыз.

Білім кредитін алғандар өзін-өзі банкрот деп жариялай алмайды. Сондықтан наразылар саны тым көп. Обаманың кезінде билік студенттік кредитін қайтара алмай отырғандарға айлық кредит көлемін азайтып беру сияқты шаралар қабылдауға тырысқан еді. Алайда бұған көніп, жүгіріп кеткендер аз болды. Амалы таусылған Білім министрлігі психологтардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болып, психологтар борышкерлерге жасырынбай, мәселені шешуге атсалысуын ұсына бастады.

Олар борышкерлерге жазылатын хаттың мәтіні, олармен сөйлесу, түсіндіру, қай уақытта жіберуге болатынына дейін зерттеп, жұмыс істеуге тырысуда.  Алайда бұл мәселе Обама дәуірінде шешілмеген күйі қалған еді. Трамптың үкіметі де не істеу керегін білмейтін сияқты.  Психологтар бір амалын табатын шығар?!

 

Похожие материалы