Экономика
Бизнес
Қанат Баеділов ҚР Қаржы вице-министрі болып тағайындалды
Алматы. 5 мамыр. 7kun.kz - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылы 4 мамырдағы № 246 қаулысына сәйкес, Қанат Ескендірұлы Баеділов ҚР Қаржы вице-министрі болып тағайындалды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Ол бұған дейін атқарып келген Қаржы министрлігі Қазынашылық қомитетінің төрағасы лауазымынан босатылды.
Қанат Ескендірұлы Баеділов 1967 жылы 19 қарашада Алматы облысы Кеген ауылында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын (1991), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін (2003) аяқтаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Ол 1991-08.1994 жылдары ҚР Министрлер кабинеті жанындағы Мемлекеттік қаржылық бақылау комитеті Бақылау-тексеру басқармасының аға бақылаушы-тексерушісі, Салық және сақтандыру органдарының қаржы-несиелік мекемелерін тексеру басқармасының бөлім бастығы; 1994-02.1996 жылдары Алматы облысы бойынша Қазақстан Республикасы Қаржылық бақылау комитеті Қаржы-несиелік органдарды тексеру және валюталық бақылау бөлімінің бастығы қызметін атқарған.
1996-09.1998 жылдары Алматы облысы бойынша Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі жанындағы Қаржы-валюталық бақылау комитетінің төраға орынбасары, 1998-99 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық-бақылау комитеті Білім, ғылым, мәдениет ұйымдарын және басқару органдарын тексеру бөлімінің бастығы болды.
1998 жылдан бастап салық саласында басшылық қызметте болды. Алматы қаласының Түрксіб ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы, Медеу ауданы бойынша салық комитетінің төрағасы, Алматы қаласы бойынша Салық комитетінің төрағасы, ҚР Қаржы министрлігі Салық комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Салық комитетінің Астана қаласы бойынша салық департаментінің басшысы болды.
2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төрағасы қызметін атқарып келген еді.