Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Апта қорытындысы

Апта қорытындысы

Алматы. 10 ақпан. 7kun.kz – Әр апта сайын елімізде маңызды жаңалықтар орын алады. 7kun.kz  тілшілері сіздер үшін аптаның ең өзекті жаңалықтарын сараптап, назарларыңызға ұсынады. 6-10 ақпан аралығында мынандай маңызды оқиғалар болды.

Дүйсенбі, 6 ақпанды америкалық валюта 322 теңге деген бағаммен аяқтады. Қазақстан қор биржасындағы күндізгі сессияның қорытындысы бойынша, доллардың орташа бағамы 321,94 теңгені құрады. Күндізгі сессияда сауда көлемі 61 млн 150 мың доллар болды. Ал ақша айырбастау пункттерінде америкалық валюта 324 теңгеден сатылды.

Қазақстанда экспорт және импорт жөніндегі ұлттық компания құрылады.  Инвестициялар  және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзінше, "Қазақэкспорт" компаниясы құрылады. Экспортты қолдау жөніндегі барлық сұрақпен енді осы компания айналысады. Сондай-ақ инвестиция тарту жөніндегі «Казақинвест» ұлттық компаниясы құрылмақ. «Бұл компания үкімет атынан барлық инвестормен келіссөз жүргізетін жалғыз мекеме болмақ", – деді Жеңіс Қасымбек. Жаңа компанияға қатысты сарапшылар пікірін мына жерден оқи аласыздар.

«ҚазМұнайГаз» жанар-жағармай бекеттерінде АИ-92 маркалы мұнайдың бағасы 139 теңгеге дейін қымбаттады. АИ-92 маркасы бұған дейін 137 теңгеден сатылған. АИ-95 маркалы бензин 150 теңгеден сатылып жатыр. Басқа да жанар-жағармай бекеттерінде де баға көтерілген. «Helios» бекетінде АИ-92 маркасы 138 теңгеден, АИ-95 150 теңгеден сатылып жатыр. «Газпромнефть» желілері АИ-92-нің 141 теңгеден, АИ-95 маркасын 141 теңгеден сатып жатыр. Айта кетейік, 2016 жылдың қыркүйек айында ҚР Үкіметі жанар-жағармай бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартқан болатын.

Сейсенбі, 7 ақпанда Ұлттық банк қазақстандықтар долларды қайта сатып ала бастады. Қаржы институтының дерегінше, халық девальвациялық шоктан арылып, өзінің шетелік валютадағы жинақтарын қайта толтыра бастаған. Күзде және желтоқсан айында доллардың қолма-қол сатылуы шілде мен маусым айларымен салыстырғанда артқан. Дегенмен, Ұлттық банк Британия мен қытай валютасының тұтынушылары көбейгенін айтады. Өткен жылдың желтоқсанында сатылған фунт көлемі — 29,6 пайызға, юаньдікі 21,5 пайызға артқан.

Қазақстанда бос жұмыс орындарының басым көпшілігі Алматы қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысында екен. Аталған аймақтарда бос жұмыс орындарының көреткіші 16%-ды құрайды, Астана қаласында 12%, Батыс Қазақстан облысында 10%. Бос орындардың басым бөлігі қызмет көрсету салаларына, өнеркәсіп пен өндіріс, құрылыс пен абаттандыру, білім және ғылым, медицина мен дәрі-дәрмек нарығына тиесілі. Бір жыл ішінде жеке жұмыспен қамту агенттіктері мен бұқаралық ақпарат құралдарын есептегенде, барлығы 60 мыңға жуық бос жұмыс орны мен 52 мың түйіндеме орналастырылған.

«ВКонтакте» ірі қауымдастық, топ, парақшалардағы жарнаманы өзі басқаратын болады. Бұл туралы әлеуметтік желі өкілі Евгений Красников хабарлаған. Яғни енді ірі қауымдастықтардың өкілдері жарнама беруші іздеп әуре болмайды. Онымен «ВКонтакте» айналысады. Жарнама бойынша модераторлық пен таргетинг те әлеуметтік желі тарапынан болмақ. Әкімшілер «ВКонтакте» тарапынан жариялаған жарнама ақысын алып отырады. Жақын уақытта «Вконтакте» бұл қызметті тесттен өткізіп көрмек. Алайда оның нақты уақыты әлі белгісіз.

Сәрсенбі, 8 ақпанда Қазақстанның азық-түлігі шетелден келетін тауарлардан да қымбат екендігі анықталды. Теңге бағамының құбылмалы болуына байланысты тамақ өнеркәсібіндегі өндірушілер бағаны тұрақты ұстап тұра алмады. Қазақстан нарығында отандық кәсіпорында өндірілген тауарлардың бағасы 17,6%-ға өскен. Ал ТМД елдері үшін баға 7,4%-ға өссе, басқа елдерге экспорталатын отандық тауарлар 15,3%-ға қымбат болған. Сарапшылардың сөзінше, отандық азық-түліктердің қымбаттауы өндіріс құралдарының қымбаттауына байланысты.

Moody’s агенттігі банк секторына бақылап, Қазақстан банктерінің акциясы сапасыз деген мәлімдеме жасады. Оған ұлттық валютаның девальвациясы мен операциялық ортаның нашарлауы, халықтың таза табысының көлемі азаюы себеп болды.Агенттік сарапшыларының пікірінше, Қазақстан банктерінің өтімділігін қолдау шаралары жақсы жүргізіліп жатыр, бірақ соған қарамастан ұлттық валютадағы қорлардың көлемі әлі де төмен. Толығырақ мына жерден көруге болады.

Қазақстан аумағында Қырғызстанда тіркелген көліктердің уақытша жүруіне тыйым салынады. Бұған Қырғыз Республикасында тіркелген автокөліктердің елімізде көбейіп кетуі себеп болған. Сондықтан құзырлы органдар Қазақстан аумағындағы Қырғызстанда тіркелген көлік иелерін анықтау үшін рейд жүргізуді жоспарлап отыр. Тексеру барысында тізімге ілінген азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көліктері уақытша сақтау қоймасына тапсырылады.

Бейсенбі, 9 ақпанда қарызын төлемегені үшін Delta Bank-тің рейтингі төмендеді. Бұған банктің 2017 жылғы қаңтардың 18-інде төлеуі керек болған негізгі облигациялардағы сомасы 9,8 млрд теңгені құрайтын негізгі төлемін өтемеуі себеп болып отыр. 2017 жылдың 1 ақпанынан бастап 10 жұмыс күніне созылатын мерзім ішінде банк қарыздың негізгі бөлігін төлеуі керек.

Алматы вокзалдарының ғимараттарында енді көптеген сауда киоскілері болмайды. Ақпан айының соңына дейін олардың орнын газет дүкендері және минимаркеттермен алмастырады. Екі вокзалдың аумағынан екі күннің ішінде елуге жуық сауда нүктелері алынып тасталған. Олар негізінен газет және азық-түлік киоскілері. Сот шешімі бойынша, барлық 28 киоск қаңтар айының басында сүріліп тасталынды. Нәтижесінде, жолаушыларға тек бір минимаркет пен газет дүкені қызмет ететін болады.

Белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. Ерлан Тынымбайұлы 2014 жылдың 16 қазанынан бері ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры қызметін атқарып келген еді. Еске салайық, бұған дейін корпорацияны басқарған Кемелбек Ойшыбаев қаңтардың 24 күні өз еркімен қызметінен кеткен болатын.

Жұма, 10 ақпанда Ұлттық банк соңғы бес айда интервенция жүргізбегендігі белгілі болды. Ал теңге 2016 жылдың басынан бері ең жоғары шамаға дейін нығайды. «Қазақстанның валюта нарығы Ұлттық банктің теңге курсына араласуынсыз жұмыс істеуге үйренді. 2016 жылы теңгенің айырбас курсында күрт өзгерістер болған жоқ (жыл басындағы біршама құбылмалы болғанын есептемегенде), девальвациялық қауіптер де маңызын жойды», — деп хабарлады агенттік сарапшылары.

Апта соңында доллар курсы 323 теңге деңгейінде сақталды. Қазақстан қор биржасында шетел валюталарына қатысты күндізгі сауда сессиясының қорытындысы бойынша, доллардың орташа бағамы 323,11 теңгені құрады. Күндізгі сессияда сауда көлемі 80 млн 850 мың доллар болды. Ақша айырбастау пункттерінде америкалық валюта 325 теңгеден сатылды.

Похожие материалы