Ақмола облысында 1,3 млрд теңге жымқырғаны үшін ТКШ басшылары мен оның сыбайластары сотталды
Алматы. 8 ақпан. 7kun.kz – Қызылсуат ауылында жаңа құрылыс аумағына арналған электрмен жабдықтау қосалқы станциясын салу кезінде 1,3 млрд теңге сомасындағы бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша Целиноград ауданының ТКШ бөлімінің басшысына және «РемСтройСервис ПВ» мен «MS-Energy» ЖШС басшыларына қатысты айыптау үкімі шықты. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Істі ҚМА Ақмола облысы бойынша департаменті өңірлік прокуратурамен бірлесіп тергеді.
«Қылмыстық істің барлық қатысушыларына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталған кәсіпкерлер мен ЖШС қызметкері коммерциялық және өзге де ұйымдарда 10 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқара алмайды, ал ТКШ басшысы өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқара алмайды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген хабарламада.
ҚМА тұрғындарға сатылатын коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту үшін көрсетілген салалардағы мемлекеттік сатып алуларда жымқыру және өзге де құқық бұзушылықтарды алдын алу мақсатында талдау жүргізеді.