Ақмола облысы. 14 қараша. 7kun.kz – Кәсіпкерлерінен ақша бопсалаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды, деп хабарлайды 7kun.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Арнайы операция нәтижесінде ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті бөлімшелерінің қызметкерлері 26-дан 32 жасқа дейінгі 6 адамды ұстады.
Олар қоқан-лоққы көрсетіп, күш қолдану арқылы жергілікті кәсіпкерлердің бірінен 2,5 млн теңге бопсалап, оның Subaru Outback автокөлігін тартып алғаны анықталды. Сондай-ақ ұсталғандар облыс аумағында бірқатар ұқсас қылмыстар жасаған.
Полиция мәліметінше, бұрын бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған күдіктілер «ұрылар идеологиясын» ұстанып, оны жастар арасында насихаттаған. Сондай-ақ топ мүшелері қару қолданып, ақша бопсалаған. Мұнда олар талап қою үшін жалған сылтауларды қолданған.
Тінту барысында олардан жәбірленушілерді қорқыту үшін қолданылған есірткі, суық және атыс қаруы тәркіленді. Осы фактілер бойынша ҚР ҚК-нің 194-бабының 2-бөлігімен «Бопсалау» сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.