Ақмола облысының тұрғыны баласына 65 млн теңге алимент төлеуге міндеттелді
Ақмола облысы. 24 тамыз. 7kun.kz – Сот Щучье қаласының тұрғынын туған баласына 65 миллион теңгенің алиментін төлеуге міндеттеді, деп хабарлайды 7kun.kz КТК арнасына cілтеме жасап.
Ажырасқан әйелінен бір баласы бар кәсіпкер Біләл Сәкенов оған алимент төлейді. Оның айтуынша, мемлекеттік бағдарлама бойынша банктен кредит алғаннан кейін алименттің мөлшері күрт өскен.
«Ол несие қайтарылатын ақша ғой. Тапқан пайдамыздан банкке міндетті түрде кредитті қайтаруымыз керек. Бұл соманы төлеу мүмкін емес. Бұл бір балаға деп отыр. Мұндай ақша менде болған да емес. Мен әлі түсіне алмай отырмын. Бұдан басқа да балаларым бар, кәмелетке толмаған», – дейді Сәкенов.
Аяқ астынан миллиондап қарызға батқан кәсіпкер әкелік парызымды бұлжытпай өтеп келемін деп отыр. 11 жастағы ұлына курортты аймақтан екі бөлмелі пәтер сыйға тартқан. Ай сайынғы алиментті анасының қолына ұстататын көрінеді. Осы жолы да баласымен мектепке қажет кеңсе тауарын алды. Сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкер қомақты несие алысымен сергелдеңге түскен. Төрт жылда бармаған жері, баспаған тауы жоқ.
Ақмола облысы әділет департаменті басшысының орынбасары Медет Едірісовтың ауйтуынша, бизнесменнің кірісі туралы мәлімет салық органдарынан алынды. Соның негізінде алимент төлеу туралы талап шығарылған.
«Сәкеновтен алимент өндіру ісі бойынша сот орындаушысы оның барлық кірісін анықтауға тиіс. Ақмола облысы мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып, шешім шықты. Заң бойынша Сәкенов табысының төрттен бір бөлігін алиментке беру керек. Ол кәсіпкер болғандықтан, салық органдары сотқа кіріс туралы тиісті ақпаратты берген», - деп атап көрсетті Едірісов.