Ақпарат министрлігі: Қазақстандықтардың тегіне «Нұр» тіркесі қосылатыны туралы ақпарат жалған
Алматы. 29 наурыз. 7kun.kz – Кеше әлеуметтік желілерде Қазақстандықтардың тегіне «Нұр» тіркесі жалғанатыны туралы хабар қызу талқыланды. Осыған орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мәлімдеме жасады.
«Индустрия және цифрлық даму министрлігі қаулы шығарды, оған сәйкес 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап қазақстандықтардың тегіне міндетті «Нұр» тіркесі енгізіледі. Осылайша, Ахметов - Нұр-Ахметов, Иванов - Нұр-Иванов, Ким - Нұр-Ким болады», - делінген Щучинск қаласының «Стабильная газета» басылымында жарияланған мақалада.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлап, қауесетті жоққа шығарды.
«Бұл жалған. Мұны бірнеше айқын белгілермен түсінуге болады. Мысалы, материал Индустрия және цифрлық даму министрлігінің қаулысына сілтеме жасайды. Сіздер білетіндей, мұндай министрлік Қазақстанда жоқ. Екіншіден, авторы белгісіз. Егер бұл шешім рас болса, онда мемлекеттік органның нақты өкілі түсініктеме беріп, кем дегенде өз атын және лауазымын айтар еді», - деп түсіндірді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Айжан Мусинова.
Сондай-ақ, ол материалдың соңында «бірінші сәуірлік Щучинск» дереккөз ретінде көрсетілгенін және бұл бірінші сәуір әзілі болуы мүмкін екендігін атап өтті.