
Алматы. 8 қазан. 7kun.kz – Ақтөбеде «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспана алу жолдары жеңілдетілді. Өңірде «Қамқор баспана» және «Жас арман» өнімдері іске қосылды.
«Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында соңғы салынған үйлер қазір «7-20-25» бағдарламасымен беріле бастады.
Жас отбасылары мен мемлекеттік қызметшілер және жекелеген санаттағы адамдар үшін алғашқы жарна екі есеге азайды. Ол үшін жергілікті әкімдік 20% жарнаның жартысын субсидиялау мақсатында 2 млрд теңге қаржы бөлетін болды.
Өңірде бұл бағдарлама бойынша 24 мың адам пәтер алуға ниетті болса, 100-ге жуық адамның құжаты қабылданды. Елбасының тікелей қолдауымен қолға алынған бағдарлама бойынша өңірде 870 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылуға тиіс.
Жалпы облыс халықты қолжетімді баспанамен қамту жағынан көш бастап тұр.