Smart city немесе «ақылды қала» дегенді естігенде ең алдымен көз алдымызға үлкен, көшелері кең, ғимараттары биік, адамдары көп, мемлекеттік маңызы бар қалалар елестейді. Дегенмен, шағын қалаларды да жандандыруға болатынын ұмытпаған жөн. Жаңа технологияларды, цифрландыруды еліміздегі аудан орталықтарынан да көруге болады.
Әлемдегі ең алғашқы «ақылды қала» - АҚШ-ның Колорадо штатындағы Боулдер қаласы. Халық саны 100-ақ адам.
Ал Қазақстандағы ең бірінші Smart city – Аққөл. Астанадан 100 шақырым жерде орналасқан қала еліміздегі толық цифрландырылған алғашқы қала деп атала бастады.
«Smart Aqkol» жобасы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасымен қолға алынды. Аққөл қаласында «ақылды қала» принципі жұмыс істей бастағанына да жарты жылдан аса уақыт болды. Осы уақыт ішінде жаңа технологиялар келіп, қала абаттандырылды, халықтың өмір сүруге қолжетімділігі жеңілдей түсті. Биылғы жылдың басында Аққөлге арнайы сапармен барған Н. Назарбаевқа есеп беру, түсіндіру жұмыстары кезінде 6 айда орындалған жұмыстар таныстырылды.
Қалай басталды?
«Ақылды қала» теориясын неге шағын Аққөл қаласынан бастады деген сауал көптің көкейінде жүр. Себебі, Аққөл ел астанасы Астанаға жақын орналасқан, 14 мыңға жуық халық бар. Оның үстіне мұнда 2005 жылы мұнда ғарыш аппараттарын басқарудың алғашқы Қазақстандық жерүсті кешенін пайдалануға енгізді. Ғарыштық байланыс орталығынан (КҚКО) Ақкөл қаласында KazSat-2 және KazSat-3 қазақстандық спутниктерін, сондай-ақ "KazSTSat" микроспутниктерін және "KazSciSat-1"наноспутниктерін басқару жүргізіледі.
Таңдаудың Аққөлге түсуінің тағы бірнеше себебі бар: қажетті инфрақұрылымның болуы, қорғалған байланыс арналарының қолжетімділігі және деректерді өңдеудің қорғалған орталықтарының болуы.
Қазіргі уақытта «Smart Aqkol» жобасын жүзеге асырумен Tengri Lab, «Қазақтелеком» АҚ, ERG, BTS Digital, АРЭК компаниялары мен Ақмола облысының әкімдігі айналысады. Оператор-компаниялардың деректеріне сүйінсек, жалпы жобаның іске асырылуына шамамен 2,5 миллиард теңге кеткен.
Smart Aqkol
Tengri Lab бас директоры Әлімжан Есетовтың айтуынша, қаланы цифрландыру 2018 жылдың көктемінде басталған. Жарты жылда мұнда көптеген шаралар жүргізілген. Ақкөлде LoRaWan технологиясы базасында 4G желісі толықтай қолжетімді болды, 17,5 талшықты-оптикалық байланыс желілері салынып, халықтың интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қаладағы 34 жерге Wi-Fi нүктесі орнатылды.
Аққөлді смарт қалаға айналдыру үшін тіпті есептеуіш құралдарды тегін ауыстырған. 4 500 су есептеуіштері мен 6000 электр энергиясын есептеуіштер автоматтандырылды.
Қаладағы ескі шамдардың орнына 250 автоматты шам орнатылды.
Сонымен қатар, Ақкөл қаласында экологиялық жағдайды бақылау жүйесі, түтін анықтаушы ақылды датчиктер, қоғамдық көлік пен мемлекеттік қызмет автокөліктерінің GPS мониторингі бар. Осының барлығы қаланың сандық 3D картасына енгізілген.
Ақылды қалада қоғамдық қауіпсіздікті жолдар мен қоғамдық орындарда орналасқан 70 бейнекамера, ал тұрғын үйлерді 24 камера бақылайды. Ал SmartHome/Building жүйесі аудандық әкімдік, мектептерді бақылайды.
Өртке қарсы автоматтандырылған қызмет жүйесі 8 нысанда орналастырылды: 4 мектеп, 3 балабақша мен 1 аурухана.
Аққөлдегі ең керемет жаңалықтың бірі - жылы аялдамалар. Бұл аялдамаларда бейнекамералар мен телефон қуаттағыш орын бар.
Қазіргі уақытта қаланың қоғамдық орындарында тегін Wi-Fi-ға қосылу мүмкін.
Қазақстандық Smart city-дағы өзгерістер, олардың қауіпсіздігі, қаланың тыныштығы мен тұрақтылығының бәрін арнайы бейнекамералардың көмегімен Smart Aqkol заманауи технологиялар орталығынан көруге болады.
Smart Aqkol заманауи технологияларын енгізу бойынша пилоттық орталық қаладағы барлық қолданыстағы бейнебақылау, экологиялық мониторинг, энергия ресурстарын бақылау және есепке алу, жол трафигін басқару, өртке қарсы қауіпсіздік жүйелерінен мәліметтер жинауды жүзеге асырады, олар кейіннен Smart Aqkol ахуалдық орталығына жіберіледі.
Жоба ұйымдастырушылары болашақта бұл жүйе жергілікті билік қол жеткізе алмаған әр түрлі деректердің тәуелділігін анықтай алатынын айтады. Қазірдің өзінде ауа райының тәуелділігін, атмосфералық ауаның нашарлауын, үйлер мен пәтерлердегі температураның төмендеуін, ауруханаларға барудың ұлғаюын, белгілі бір ауру түрлерімен сырқаттанушылықты, мектептегі үлгерімді, қалалық қазандықтардың жұмыс сапасын анықтауға болады.
Ақкөлдегі жүйелердің қауіпсіздігіне кім жауап береді?
Аққөл енді цифрландырылған бір жүйеге енгізіледі. Бұл жүйені арнайы қорғайтын мекемелер бар. «Smart city - Аққөл» жобасының оператор-компания өкілдері хакерлар қаладағы жүйені бұза алмайтындығына сендіреді.
Бұл жүйенің қауіпсіздігін Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы қамтамасыз етеді. Жоба үшін арнайы 10Gbps жылдамдығымен IP-шифраторын әзірлеу басталды.
Әрине, Аққөлді толық «ақылды қалаға» айналды деп айтуға ерте. Алайда, жыл да толмаған жобаның болашағы жарқын екеніне сенім мол.