Астана. 21 ақпан. 7kun.kz - Жамбыл облысында қар көшкінінен қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 7 млн теңгеге дейін өтемақы төленеді. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында ҚР Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов мәлімдеді.
«Қаза тапқандардың отбасыларына қаржылай және моральдық қолдау көрсетілді. Бұнан бөлек, әрбір отбасыға 5 жылдық ақшалай табыс көлеміндегі бір реттік өтемақы төленетін болады. Ол орташа есеппен шамамен 4-тен 7 миллион теңге көлемінде болмақ. Қазір ол жақта тергеу органдарының өкілдері жұмыс істеп жатыр. Нақты қорытынды комиссия жұмысы аяқталған соң жазбаша түрде беріледі», - деді С.Жасұзақов.
Естеріңізде болса, ақпанның 17-сінде Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Көксай шатқалында болған қар көшкінінен әскери дайындықтан өтіп жүрген жауынгерлер зардап шекті. 16 адам құтқарылса, 7 сарбаз қаза тапты.
Оқиға орнында қаза болғандар:
1) Кіші сержант Қыдырбаев М.Т. 1991 жылы туған;
2) Кіші сержант Ерісбаев А.К. 1992 жылы туған;
3) Қатардағы ш/қ Кеңесов Т.К. 1993 жылы туған;
4) Кіші сержант Аралбаев А.Ж. 1988 жылы туған;
5) Қатардағы ш/қ Шәкен Н.К. 1995 жылы туған;
6) Ефрейтор Тұрысмағанбетов М.Б. 1991 жылы туған;
7) Аға лейтенант Мошабаев А.К. 1991 жылы туған.