Экономика
Регионы
Қарағанды облысында 104 мың адам компьютерлік сауаттылыққа оқытылады
Алматы. 26 сәуір. 7kun.kz - Бұл туралы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған Бақытжан Сағынтаевтың жергілікті кәсіпкерлермен кездесуінде айтылды деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары «Сарыарқа» АЭА аумағында Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша облыс активімен, ірі және шағын бизнес өкілдерімен өткен кездесумен аяқталды.
Облыста қазіргі таңда шамамен 6 мың жұмыс орнын құрумен 26 жаңа инвестициялық жоба (әрқайсысы бір миллиард теңгеден асады) және 48 өңірлік деңгейдегі жоба іске асырылу сатысында тұр. Инвестициялық жобаларды іске асыру таяу жылдары өңір экономикасына 1,3 трлн теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Облыс әкімінің айтуынша, жаңа жобалардың басым бөлігі — жоғары еңбек өнімділігі бар өңдеуші кәсіпорындар, олар, әдетте, өнеркәсіптік интернетпен жабдықталған алдыңғы қатарлы жабдықтарды қолданады.
Сонымен бірге жаппай цифрландыру кадр әлеуетінің бейімделуін, сондай-ақ жұмыстан босатылған адамдарды еңбекпен қамту шараларын қабылдауды талап етеді. Бір жыл ішінде облыс экономикасының барлық салаларында шамамен 10 мың жаңа жұмыс орнын, оның ішінде 6 мыңын тұрақты жұмыс орны ретінде ашу көзделген. Бұдан өзге, 104 мың адам компьютерлік сауаттылыққа оқытылады, бұл халықты тұрмыстық және әлеуметтік салаларда цифрландыруды енгізуге дайындайды.