Қарағанды. 1 маусым. 7kun.kz - Теміртауда «Оқжетпес Т» ЖШС мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Ерлан Өтешев бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы abctv.kz хабарлады.
Қазіргі уақытта оған 27 млн теңгені жымқырды деген айып тағылып отыр. Алдын ала тергеу шараларының нәтижесі бойынша, Ерлан Өтешов Теміртау қаласындағы су және жылу магистралдарын жаңарту үшін сатып алынған құбырлардың құнын тым қымбат қылып көрсеткен.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу ісін тендерсіз ұйымдастырған. Прокурорлар күдіктінің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 189 бабы 3 тармағы "Өзіне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін ұрлау" фактісі бойынша іс қозғады. Егер кінәсі дәлелденсе, онда ол бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Одан бөлек,ммүлкі тәркіленіп, алдағы уақытта ешқашан басшылық қызметке тағайындалмайтын болады.
Айта кетейік, Ерлан Өтешевке бұған дейін мас күйінде көлік айдап, адам өліміне себепкер болды деген айып тағылған. Ол кезде шенеунік Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы қызметін атқарып жүрген. Кейіннен қылмысын мойындамағандықтан, оған тек 4 жыл жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қолданылды.