19 мамыр күні Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті сайтына салық төлемейтін жұлдыздар туралы ақпарат жариялаған еді. Олар мұндай қорытындыға Forbes Kazakhstan журналында шыққан "2015 жылдың ең табысты шоу бизнес пен спорт өкілдері" туралы сараптама мен әншілердің табыс декларациясын салыстырған соң келіпті.
Кеше Forbes Kazakhstan құрылтайшысы Арманжан Байтасов Forbes.kz-ке сұхбат беріп, салық органдарына асығыс мәлімдеме жасамауға кеңес берді. Оның айтуынша журналда тек кіріс туралы ғана айтылған, әдетте әншілердің шығыны кірісінен көп болады. "Мысалы, әнші ән жазу үшін бәріне төлеуі керек: композиторға, ақынға, әнді әрлеушіге. Оған бейнеклип түсіру үшін, бишілерді жалдау мен спорт залда жаттығуға, биге дайындалуы үшін да аз ақша кетпейді. Тыңдарманға ұнауы үшін үлкен еңбек пен қыруар шығын кетеді. Спортшылар туралы айтсақ, мысалы Геннадий Головкинге дәрігерлер тобы, пиаршылар, промоутерлер, жаттықтырушылар т.б қажет. Сондықтан мен көптеген шоу-бизнес өкілдері жыл соңында шығыны кірісінен көп болса таңқалмаймын",- деді Байтасов.
Ол әрі 2015 жылғы девальвацияның шоу бизнеске әсері қатты болғанын айтқан. Өйткені әншінің әні бірінші кезекте сұранысқа ие болатын өнім емес, деген ол журналдағы ақпаратқа сүйеніп әншілерді салық төлемеді деп айыптауға негіз жоқ дейді.