Экономика
IT, Технология
Арнайы жасақтар: “Дельта” арнайы жасағы
Арнайы жасақтардың қызметі - елді терроризмнен және өзге қауіптерден қорғау, халық толқуларын басу, арнайы құпия тапсырмаларды орындау. 7kun.kz оқырмандарына ең мықты арнайы жасақтар туралы материалдар легін ұсынады. Бүгін біз "Дельта" атты АҚШ құрлық әскерінің арнайы бірінші оперативтік полкімен танысамыз.
“Дельта” арнайы жасағының тарихы сонау 1970-жылдардан бастау алады. 1977 жылы терроризмнен қауіптенген АҚШ үкіметі әскери-мемлекеттік құрылымдарға терроризмге қарсы арнайы жасақ тобын құруға тапсырма береді. Нәтижесінде, 1979-жылы Вьетнам соғысының ардагері Чарльз Бэквиттің басшылығымен “Дельта” арнайы жасағы құрылады.
Негізгі міндеттері – лаңкестікке қарсы әскери операцияларды жүргізу, лаңкестер кепілдікке алған тұтқындарды босату, мемлекет үшін аса қауіпті элементтердің көзін жою болғанымен қазіргі кезде әртүрлі күрделі әскери қимылдарды жүргізеді.
Бас штабы – Солтүстік Каролина штатындағы Форт Брэгг әскери базасында орналасқан.
“Дельта” жасағы A, B, C санатындағы үш отрядтан тұрады. Әр отряд 4-5 адамнан тұратын бірнеше топқа бөлінген. Әр топтың арнайы операцияларға (құрлық, теңіз, әуе) мамандандырылған.
"Дельта" арнайы жасағы жайлы ақпарат көп кездескенімен Пентагон ол ақпараттарды барынша құпия ұстайды. Өйткені, әр әскери операция барысында “Дельта” жауынгерлері жергілікті елдімекендерге шағын барлау жасайтындықтан өздері туралы ақпаратты жария қылғысы жоқ.
Жасақтың авиациялық эскадроны ел аумағының әуе қорғанысын қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Құрамында "Қара құзғын" MH-60 және "Литтл-Берд" AH-6 маркалы 12 тікұшағы бар жасаққа аса қажет жағдайда ғана әуеден соққы беруге рұқсат етілген.
Соңғы бірнеше онжылжықта “Дельта” жасағы АҚШ арнайы қызметінің ұйымдастыруымен АҚШ, Азия, Латын Америкасы, Таяу Шығыс елдеріндегі әскери операциялардың бәріне дерлік қатысты. Аталған елдер арасында Гренада, Пуерто-Рико, Кувейт, Панама, Сомали бар.
Латынамерикалық наркобарон Пабло Эскобардың өліміне “Дельта” жасағының қатысы бар деген де сыбыс шыққан.
АҚШ-Ирак соғысы кезінде “Дельта” жасағы американдық зымырандармен Ирактың стратегиялық маңызды нысандарын атқылады. Ал, 11-қыркүйек оқиғасынан кейін Ауғанстанға басып кірген АҚШ әскерінің сапында да осы “Дельта” арнайы жасағы болды.
"Дельта"-ның қатарына жасы 21-ден асқан, әскер қатарында 2 жыл әскери борышын өтеген ер-азаматтарды қабылдайды. Үміткерде GT рейтингі және Кәсіби Қарулы Дайындық емтиханында 110 балл болуы міндет.
Қазіргі уақытта “Дельта” арнайы жасағы компьютерлік ойындардың да кейіпкеріне айналған.
Дайындаған Айбек Емберген "7"