Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Арыс қаласында 340 үй жөнделді

Арыс қаласында 340 үй жөнделді

Алматы. 9 шілде. 7kun.kz - Облыс әкімі аппаратының селекторлық кеңесінде Арыс қаласын қалпына келтіру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қалада 8371 үй тіркелген, оның 6977-і жөндеуге жіберіледі. 149 үй жаңадан салынады. Бұл сандар әлі де өзгеруі мүмкін. Бүгінгі таңда 340 үйдің жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

«Арыста 2194 үйді қалыпқа келтіру жұмысы қызу жүріп жатыр. Қалған 4500-ден астам баспананың жұмыстары осы аптада басталады. Жалпы бұл жұмыстарға 168 мердігер компания құрамында 3531 құрылысшы тартылған. Барлық секторларды күн сайын аралап, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап жүрміз», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев. Облыс әкімі тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп, өңір тұрғындарын барынша тартуды тапсырды.

Арыста зақымданған 66 әлеуметтік нысанның 62-сінде «Самұрық-Қазына» қоры жөндеу жұмыстарын бастады. Оның 54-і - білім беру мекемелері. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін олар жөнделуі тиіс. "Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы ТЖ салдарынан зардап шеккен 456 кәсіпкерлік нысанын қалпына келтіруге кірісті.

Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев құрылысты жоспардан кешеуілдетіп жатқан бірнеше секторға жауапты басшыларға жұмысты жеделдетуді тапсырды. Атап айтқанда, Қостанай, Ақмола, СҚО және Ақтөбе облыстарының өкілдеріне жоспардан қалмау керектігін ескертті. Арыс қаласының зиялы қауым өкілдері, жергілікті атқарушы билік, депутаттар, ақсақалдар белсенді болуға шақырды.

«Жалпы Арыста жұмыс жоғары деңгейде атқарылып жатыр. Тұрғындар үйлеріне оралғаннан бері 10 күн ішінде барлық шаруаларды бір жүйеге келтіріп алдық. Өзге өңірлерден келген құрылысшыларға 40 градус ыстықта жұмыс істеу оңай емес. Сондықтан оларға жергілікті тұрғындар да қолдау көрсетіп, қаланы көркейтуге атсалыссын», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Похожие материалы