Редакция: +7 (777) 242 5522
Присоединяйтесь:

Арыста шамамен 1900 үй жөнделді

Арыста шамамен 1900 үй жөнделді

Алматы. 22 шілде. 7kun.kz – Арыс қаласында 1870 үйдің жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы бүгін облыс әкімі аппаратының отырысында айтылды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев құрылыс жұмыстары кешіккен секторлар басшыларына жұмысын жеделдету қажеттігін айтты, - деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, қалада барлығы 7 мыңнан астам жеке тұрғын үй мен 100-ге жуық көпқабатты тұрғын үй зардап шекті. 17 секторда ақау актілері 7445 үй бойынша жасалды, 4827 үйде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тексеру қорытындысы бойынша қалпына келтіруге жатпайтын үйлердің саны 293-ке жетті. Оның 4 төртеуі көпқабатты үйлер. Бұл үйлер қайта салынады. Олардың кейбірінің іргетасы қаланған. Құрылыс жұмыстарына барлық өңірлерден 215 компания және 7 мыңнан астам адам тартылды.

Жөндеу жұмыстары 66 әлеуметтік нысанда да жүргізілуде, 4 нысан үшін жаңа ғимараттар салынатын болады. Құрылыс жұмыстарына 1788 жұмысшы, 29 компания қатысуда.

Отырыста тиісті органдардың басшылары Арыс қаласында апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері өткізіліп жатқанын, 200-ден астам ардагер демалысқа жіберілгенін хабарлады. Жазғы демалыс екі мыңнан астам балаға ұйымдастырылған. Қоймаларда жиналған 789,2 тонна азық-түлік өнімдерінің 689,5 тоннасы тұрғындарға таратылды. Қазіргі уақытта 1545 аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсетіледі. Денсаулық мәселесі бар 31 тұрғынға мүгедек арбалары берілді.

100 мың теңге көлемінде өтемақы алуға 61 мың адам құжаттар тапсырды. 49 393 тұрғынның мекен-жайы ҚР Ішкі істер министрлігінің базасымен расталды.

Қорытындылай келе, Өмірзақ Шөкеев облыстық штаб секторларға жауапты облыстар мен аудандармен бірлесіп, тұрғындардың өтініштері бойынша нақты және уақтылы жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті.

Похожие материалы