Арыстанбек Мұхамедиұлы: 3 миллион теңге жалақы алатыным туралы ақпарат жалған
Алматы. 12 шілде. 7kun.kz – Бұрынғы Мәдениет министрі, қазіргі Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы әлеуеттік желіде жалақысы туралы жалған ақпарат тарағанын хабарлады.
«Достарым, жалақымның қанша болатыны әлі өзіме де белгісіз болып тұрғанда, ол туралы жалған ақпарат тарап кетті. 3 000 000 теңге көлеміндегі еңбекақы - жалған. Мұндай шындыққа жанаспайтын ақпарат тарату кімге пайда әкелетінін білмеймін, fake news қолдан жасалғанына күмәнім жоқ. Тым әсіре сілтепті, басқа не айтуға болады»,-деп жазды ол.
Арыстанбек Мұхамедиұлының жазуынша, министр қызметін атқарғанда еңбекақысы 980 000 теңге болған. Ал Ұлттық музей директоры ретінде алатын жалақысы 139 673 теңге екен.
«2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 «Азаматтық қызметшілерге мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Укіметінің Қаулысы негізінде Ұлттық музей директоры ретінде 172 436 теңге есептеліп, қолыма 139 673 теңге берілетін болады. Бұл қызметтегі менің санатым «А1-1», еңбек өтілім мамыр айын қоса алғанда 31 жыл үш ай болды»,-деп жазды Мұхамедиұлы.
Осылайша экс-министр жаңа қызметіндегі жалақы көлемін 3 млн теңге деген ақпарат нағыз фейк деп отыр.
«Нағыз фейк. Жалған ақпаратта менің айлық жалақым ретінде көрсетілген сома менің еңбекақымды 95 % көбейтіп, мен 12 айда алатын 1 676 076 теңгені екі есеге арттырыпты. Бізде «он үшінші еңбекақы», бонустар жоқ. «Кездейсоқ» миллиондарға қателесіп кетіпті...»,- деген Ұлттық музей директоры бұл тақырыпты талқылауды доғарайық, деп ұсыныс жасаған.